СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Жамбыл ауданында болды

Жамбыл аудандық аурухана 1974-ші жылы қолданысқа берілді. Жарты ғасырға жуық уақытта емдеу мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сол себепті, нысанның шатырын, еденін, терезелері мен инженерлік желілерін ауыстыру үшін 93 млн теңге бөлінді. Мердігер – қарағандылық компания «Тілек» ЖШС-і. Қазіргі таңда нысанды 12 адам жөнге келтіріп жатыр.

МЕҢДІҒАЛИ ЖАНАБЕРГЕНОВ, учаске басшысы:

–  Құрылыс материалдарына тапсырыс бердік. 10 күнде терезелерді орната бастаймыз. Қазіргі таңда жұмысшыларымыз шатырды ауыстырып жатыр. Жалпы, шартқа сәйкес 6 айда нысанда жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтап, тапсыруымыз керек. Алайда, біз мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп отырмыз.

Бүгінгі күні емдеу мекемесінде 24 дәрігер мен 215 медицина қызметкері еңбек етеді. Қосымша 4 маман қажет. Өңір жетекшісі аудан әкіміне қысқа мерзімде кадр тапшылығы мәселесін шешуге тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең бастысы, бұл жаққа жұмыс істеуге келетін мамандарға бар жағдай жасау қажет. Үймен қамтамасыз ету керек. Олардың ауданнан басқа жаққа кетіп қалмауы үшін әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмысты қолға алыңыздар.

Ал, аудандық мәдениет үйі 1982-ші жылы іске қосылған. 2005-ші жылы ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2012-ші жылы шатыры мен қасбеті ауыстырылды. Ал, 2020-шы жылы мәдениет ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылды. Ол кезде терезелерді ауыстырып, қабырғаларды бояп, әктеуге 5 млн-ға жуық қаржы бөлінген. Арада 3 жыл өткен соң ғимарат қайтадан күрделі жөнделмек. Бұл мақсатқа 200 млн-ға жуық қаржы бөлінбек. Кейін Айдарбек Сапаров шекаралас аймақта орналасқан Первомай ауылдық өкругіне қарасты аймақта Буденное ауылының тұрғындарымен кездесті. Бүгінгі күні ауылдық округте 700 адам тұрса, соның 498-і – Буденное ауылының тұрғыны. Өткен жылы 8 шақырымды құрайтын елді мекенге кіреберіс тас жол жөнделді. Енді биыл халық ауылішілік жолдарды ретке келтіруді сұрап отыр. 7,2 шақырымды жөндеу үшін 34 млн теңге қажет. Қазіргі таңда ЖСҚ әзірленді. Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіп, орталық көшені жөндеу қажет. Бұл жұмысты осы жылы бастау керек.

Жалпы, Буденное ауылында шешілуі тиіс мәселе жетерлік. Тұрғындардың айтуынша, байланыс нашар. Одан бөлек ауыз су мәселесі де бар. 2015-ші жылы елді мекенде су тарату пункті салынды. Алайда, су тарату желісі жоқ. Айдарбек Сапаров санация әдісімен су тарату желісі салынатынын, автобус қатынасын ұйымдастыру үшін тасымалдаушыны субсидиялау қарастырылғанын, бос тұрған ғимарат жөнделіп, мәдени-демалыс орталығы ашылатынын айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Буденное ауылы – округтегі орталық елді мекендердің бірі. Мұнда міндетті түрде автобус қатынауы тиіс. Облыс субсидия бөлді. Аудан әкіміне мәселені тез шешіп, автобус қатынасын орнатуды тапсырамын.

Бұдан бөлек бұл күні Айдарбек Сапаров Буденное жалпы білім беретін мектебіне барды. Білім беру ордасында 2021-ші жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бюджеттен бөлінген 68 млн теңгеге шатыр, еден, терезелер ауыстырылды. Қазіргі таңда мұнда 108 оқушы білім алуда. Ал, мына шағын футбол алаңы 2022-ші жылы қолданысқа берілді. Қазіргі таңда мұнда ауыл балаларынан бөлек, елді мекенде орналасқан шекара бекетінде қызмет ететін шекарашылар да жаттығады. Айта кеткен жөн, биылғы жылы шекарашылар үшін жаңа ғимараттың құрылысы қолға алынбақ. Кейін өңір жетекшісі аудандық ауылшаруашылық тауар өндірушілермен кездесіп, егіс науқанының барысымен танысты.

«Династия Агро» ЖШС-нің иелігінде 3 мың 800 гектар алқап бар. Серіктестік жылда дәнді және майлы дақыл егеді. Бұдан бөлек зығыр өндейтін шағын цехы бар. Кәсіпкер зығыр майын бірнеше көршілес елге саудалайды.

ВЛАДИМИР КАН, «Династия Агро» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Зығыр майын біз Ресей, Қытайға жібереміз. Биылғы жылы Моңғолия және Жапония елдерімен де қарым қатынас орнатудамыз. Одан бөлек Оңтүстік Корея және Тайвань мемлекеттерімен келіссөз жүргізудеміз.

Жалпы, биыл аудан бойынша егістік алқабы 316 мың гектарды құрады. Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілермен кездесу барысында облыс әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік жауапкершілік туралы ұмытпау қажет екенін еске салды. “Ауданда кәсіп дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер ауылдардың дамуына өз үлестерін қосулары тиіс”,- деді Айдарбек Сапаров.

 

Байболат Култанов