СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Мамлют ауданында болды

Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров жұмыс сапарын егін шаруашылығымен айналысатын аграрилермен жүздесуден бастады. Кесіпкерлермен кездесу барысында көктемгі егіс науқаны жұмыстары жайлы талқыланып, «Родина» ШҚ басшысымен кездесу барысында 25 пайыздан астам алқапта егу жұмыстары жүргізілгені айтылды. Сонымен қатар, болашақта осы салада еңбек ететін білікті мамандар қатарын арттыру мәселесі де сөз етілді.

МИХАИЛ ЮРКОВ, «Родина» ШҚ басшысы, Мамлют ауданы:

– Бізде сізге айтар бір ғана өтінішіміз бар. Мемлекеттік деңгейде мамандарды дайындау мәселесін қарастыру керек. Онсыз болмайды.

Облыста өзекті болып отырған жол мәселесі де назардан тыс қалмай тозығы шыққан жолдарға асфальт салынуда. Күрделі жөндеу жұмыстары 11 шақырымды құрайтын Бостандық пен Андреев елді мекенінің аралығын қамтып, 4 км қашықтыққа асфальт төселіпті. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайтын жоба шамамен ағымдағы жылдың қыркүйек айына қарай аяқталуы тиіс.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жасалған жұмыстарды зертхана тексерді ме? Олай болса биыл 7 шақырым жолды қыркүйектің соңына дейін аяқтау керек.

Өңірде жыл бойы қымыз өндірумен айналысатын «Арқалық» ШҚ бұл саланы одан әрі дамытуды ойластырып отыр. Қазір фермадағы құрылғылар жаңарып, неміс сапасына арқа сүйеген мамандар заманауи техникамен жарақталған. Мұнда табиғи өнімді дайындап бие сауу үшін 200-ге жуық құрылғы бар екен. Қымыз дайындау фермасын басқарып отырған Нағашыбай Барлыбаевтың айтуынша алдағы уақытта бұл көрсеткішті жақсарту көзделіп отыр.

НАҒАШЫБАЙ БАРЛЫБАЕВ, «Арқалық» ШҚ директоры, Мамлют ауданы:

– Шамамен 1 аптадан кейін 200 литр, ал 1 айдан кейін 300-400 литр қымыз дайындаймыз. Тауарымыз Петропавл қаласын толығымен қамтамасыз етіп, Көкшетау, Бурабайда сатылады.

Ал бұл – Андреев ауылында орналасқан мәдениет үйі. Оның жөндеу жұмыстарына бюджеттен 185 млн теңге бөлінген. Жөндеу толығымен аяқталмаған нысанның сапасы бөлінген қаржыға сай келмейді деген аймақ басшысы тұрғындармен кездесу барысында жалпы Мамлют ауданы бойынша бірнеше мәдениет үйінде осындай мәселелер барын атап өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үкімет ақша берді, соны дұрыстап тексеруге болады ғой барлығын. Созылғаннан кейін иск беріп, тезірек решениесін алып шығып, қайтадан конкурс объявлять ету керек қой.

Тұрғындармен кездесу өткізген аймақ басшысы жекелей сұрақ қоям деушілерді қабылдады. Андреев ауылының тұрғыны Марина Головина елді мекен тұрғындары үшін ветеринар дәрігері жоқ болғаны қиын. Себебі, төрт түліктің санын көбейтіп жатқан уақытта ірі қаралар ауырып қалса ветеринар дәрігерін жер-көктен іздесең де таппайсың дейді.

МАРИНА ГОЛОВИНА, Андреев ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Қандай да бір жағдай орын алғанда кімге жүгінеріңді білмейсің. Себебі, ветеринар дәрігер жоқ. Хабарласып іздеген күннің өзінде басқа жерде қызмет етіп жүргендіктен, келе алмайтындарын айтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Оқуды аяқтап жатқан колледж түлектерінің арасынан орташа ветеринарды жұмысқа шақыру керек. Аудан әкіміне тапсырамын немесе уақытша көрші округтен маман табыңыздар.

Кездесу барысында облыс әкімі ауыл ішіндегі тазалыққа баса мән беру керектігін атап, елді мекенде қызмет ететін серіктестіктерде әлеуметтік жұмыстарға белсенді араласуы тиіс деді. Андреев ауылдық округінің дамып, тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін соңғы 2 жылда 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

 

Байболат Култанов