Мәдениет

Мағжан мұрасын насихаттау

И.Шухов атындағы қалалық кітапханада М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналып әдеби-поэтикалық кеш ұйымдастырылды. Танымдық шарада аты күллі түркі әлеміне танымал жерлесіміздің өмірбаяны, өлеңдері оқылып, сазды-әуенді әндер орындалды. Жиында Қозыбаев университетінің профессоры, мағжантанушы Зарқын Тайшыбай ақиық ақынның өлеңдерінің мән-мағынасын залда отырған жастарға түсіндіріп берді.

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, мағжантанушы, Қозыбаев университетінің профессоры:

– Халық оны ұмытқан жоқ. Қасиетті есімін, қасиетті өсиетін. Мағжаннан кіші Смағұл Садуақасов деген аталарың болған. Биыл оған да 120 жыл болды туғанына. Сол кісі айтқан “Мағжан – жастар жүрегінің әміршісі” деп. “Мен жастарға сенемін” өлеңін бастырғанда 25 жаста болған. 25 жаста ақсақалдардың сөзін айтқан.

Мағжан сенген бүгінгі жастардың бірі Нұрлан Қайсаров ақынның “Мен жастарға сенемін” өлеңін оқып берді. Жиынға қатысушылар Мағжанның өмірі мен еңбек жолын да шолып өтті.

АЙТОЛҚЫН НӘБИЕВА, И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың қызметкері:

– Біздің кітапханда жыл бойы Мағжанға арналған кітап көрмесі жұмыс істейді. Яғни, қала қонақтары немесе оқырмандар осы кітаптармен таныса алады. Ең үлкен іс-шара деп бүгінгі күнді айтуға болады. Ақындардың мерейтойларын өткізіп отырамыз.

Биыл марғасқа Мағжанның мерейтойына арналып түрлі байқаулар мен шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі іс-шараға Сарытомар ауылындағы “Мағжан Жұмабаев” музейінен самауыр мен ақынның жайнамазы жеткізілді.

 

Гульден Симбаева