Денсаулық сақтау

Қазақстандағы вейп эпидемиясының проблемалары және шешу жолдары

Қазақстанда күннен-күнге вейп шегетін жастар көбейіп барады. Электронды құрал қолданатындар оның әдеттегі темекіге қарағанда зияны аз деп ойлайды. Алайда, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл қате түсінік дейді. Вейп тыныс алу жүйесі мен жүрекке аса қауіпті екен. Аталған органдардың аурулары көбіне адам өліміне әкеледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтылды. Ғалымдар электронды темекіде никотиннің көп мөлшерін анықтапты. Құрамындағы хош иіс те қауіпті. Қазіргі уақытта иістің 16 мың түрі бар көрінеді.

АБАЙ БАЙГЕНЖИН, “Ұлттық ғылыми медициналық орталық” АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы:

– Вейптен шығатын хош иістің химиялық құрамы әлі толық зерттелмеген. Алайда, құрамында онкологияға шалдықтыратын препарат бар екенін дәлелдедік. Сондай-ақ, электронды құрал тыныс алу жолдарының зақымдалуына және тіндік гипоксияға әкеп соғуы мүмкін. Зерттеушілер бұл өнімнің уыттылығы өте жоғары дейді.

ГҮЛНӘР СӘРСЕНБАЕВА, ҚР ДСМ департаменті директорының орынбасары:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 33 елде вейп сатуға тыйым салынған. Ал 80-ге жуық мемлекет қоғамдық орындарда электронды темекі пайдалануға, жарнамалауға тыйым салды. Өткен шақырылымның депутаттары вейптердің сатылуына толық тыйым салу бойынша ұсыныс жасаған еді. Оны денсаулық сақтау министрлігі қолдады. Қазір бұл идея талқыланып жатыр.

 

Самал Жунусова