Қоғам

Қала көшелеріндегі рейд

Аулаға бөтен көлік кірмесін деп қойған осындай бетон блоктар өрт сөндірушілерге кедергі келтіруі мүмкін. Алда-жалда өрт шықса, құтқарушылар осы маңға жеткенімен, ары қарай өтеміз деп уақыт жоғалтып алары айтпаса да түсінікті.
Зілдей бетон блокты орнынан алып тастау үшін әжептәуір күш керек. Тіпті, техниканың көмегімен алғанның өзінде біраз уақыт кетеді. Тілсіз жауды ауыздықтауға келген мамандар кейде осындай кедергілерді бұзып әлек.
Уақыт жоғалса, өрт өршіп кетуі мүмкін.

Әділхан Сейсембеков, қалалық ТЖБ инженері:

– Әріптестерімнен осындай блоктарға қатысты шағым аз түспейді.
Осы жылы өрт сөндірушілер өрт шыққан жерге жетеміз деп уақыттарын жоғалтып алған. Өйткені, алда туындаған кедергіні біраз жерге дейін айналып өтулеріне тура келген.

“Кедергіні құртамын деп кешеуілдеген өрт сөндірушілерді тұрғындар
кешігіп жатыр деп ойлап қалуы мүмкін. Сол себепті, бұндай бетон блок пен шлагбаумдарды бей-берекет қоя беруге болмайды”, – дейді мамандар.

Самат Жапаров, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі:

– Біз үшін әр минут маңызды. Қанша рейдтік іс-шара өткізгенімізбен айтқан ескертуге құлақ асып жатқандар шамалы. Ірі қалаларда бұған қатысты жағдай тіптен мүшкіл. Өрт сөндіру көлігінің сигналына ашылмайтын, істен шыққан шлагбаумдар да кездеседі.

Жыл басынан бері Петропавлда 15 рейдтік іс-шара жүргізіліп, 8 бетон блок пен 2 шлагбаум алынып тасталған.