Қоғам

СҚО-да “Дипломмен ауылға” бағдарламасына қатысушылардың саны артуда

Досжан Нұрқожа – тарих пәнінің мұғалімі. Осыдан екі жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Бескөлдегі «Парасат» мектеп-лицейіне жұмысқа қабылданды. Ол қызметке тұрған соң жоба аясында жәрдемақы мен баспана алған. Қызылжар ауданына келгесін өмірлік серігін де жолықтырыпты. Зайыбы да ұстаз.

ДОСЖАН НҰРҚОЖА, «Парасат» мектеп-лицейінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Бағдарлама бойынша қайтарымсыз жәрдемақы алдым. Ал үйді аз мөлшерлі пайызбен рәсімдедім, яғни белгілі бір соманы төлеп отырамын. Маған өте тиімді. Айына 25 мың теңдеден төлеймін. 2 бөлмелі пәтер алдым. Жағдайы жақсы. 04,13\ Жұбайым екеуіміз осы мектепте жұмыс істейміз. Жәрдемақыны қатар алдық.

Айта кетсек, қайтарымсыз жәрдемақының көлемі 240 мың теңгеден асады, ал баспанаға 4,3 млн-нан астам қаражат беріледі. Кейін оны 0,01 пайызбен 15 жылдың ішінде қайтару керек. Досжан Нұқожаның айтуынша, егер осындай жағдай көбірек жасалса, жастар ауылға құлшына барады.

ДОСЖАН НҰРҚОЖА, «Парасат» мектеп-лицейінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен көптеген жастар жұмыс істеп жатыр. Үйді де алып жатыр. Оның барлығы, әрине, үкіметтің жастарға қолдауы деп сенемін. Сенімдерін ақтап, осы өңірде қалып, жұмыс жасасақ, пайдамымызды тигізсек деген жоспарымыз бар.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды тарту жұмысы Қызылжар ауданында қызу жүріп жатыр. Былтыр 150-ден астам жас көтерме жәрдемақы алып, ауылдардағы мектептерге орналасыпты. Ал 27 педагог баспанаға бюджеттік несие алды. Ағымдағы жылы тағы 90-ға жуық жас маманға жәрдемақы беру жоспарланып отыр.

БАҚЫТ АЛДАБЕРГЕНОВА, «Парасат» мектеп-лицейі директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– 2021 жылы «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 2 педагог мектебімізге орналасты. Олар: тарих пәнінің мұғалімі мен әлеуметтік педагог. Олар аз уақыт қызмет етсе де өздерін көрсете білді. Әрине, осындай жас мамандарды қолдау керек. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жастарымыз келіп жатыр. Жалпы, 2021 жылдан бастап мектебімізге 4-5 жас педагог келді. «Дилпоммен ауылға» бағдарламасы аясында 2 мұғалім қызмет атқарып жатыр.

Облыс дерегімен де бөлісейік, былтыр жоба аясында 620-дан астам педагог көтерме жәрдемақы алған. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін бюджеттік несиелер 166 мұғалімге бөлініпті. Бүгінгі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушыларының жәрдемақысы 241 жарым мың теңгені құрайды. Биыл көрсеткіш 345 мың теңгеге дейін көтеріледі деп күтілуде. Қазір тиісті заң қаралып жатыр.

 

Самал Жунусова