Қоғам

Петропавлда оқыту курсынан өткен 15 барбер жұмыспен қамтылды

Қала тұрғыны Юлия Барышникова осыдан бірнеше ай бұрын жұмыссыз ретінде халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Ондағы мамандар бойжеткенге барбер болуға ұсыныс білдіріпті. Бұны жерлесіміз қабыл алады. Шаһардағы салонның бірінде 2 жарым айға созылған курс бүгін өз мәресіне жетті. 15 адамға арнайы сертификат табысталды. Олардың барлығы – барбер. Әрқайсысына жұмыс та табылды.

ЮЛИЯ БАРЫШНИКОВА, барбер:

– Бұған дейін тырнақ өсірумен айналыстым. Оған арналған материалдарға аллергия болған соң тастауға тура келді. Осы салонға тәлім алу үшін келген кезде алдымен мамандармен тілдестім. Бәрін үйретіп, көрсетті. Бұрын мүлде шаш қиып көрмедім. Алғаш қайшы ұстаған кезде қолым дірілдеді. Уақыт өте үйреніп кеттім.

Курс қатысушылары практикалық және теориялық тұрғыда тәжірибе жинаған. Кәсіби мамандар оларға жұмыстың қыр-сырын түсіндіріпті. Мысалы, ер адамның шашын сәндеп қию, сақалын біркелкі қылып алу, тіпті, бетке массаж жасауды үйреткен.

ТАТЬЯНА КЛАБУКОВА, жеке кәсіпкер:

– Ерлер салонын ашқаныма 5 жыл болды. Былтыр күз кезінде халықты жұмыспен қамту орталығында болдым. Онда екі қолға бір күрек таппай жүрген адамдарды үйретіп, жұмысқа алуға болатыны білдім. Бірден тиісті құжаттарды тапсырдым. Мамандар өтінішімді қабылдады. Көп кешікпей салоныма адамдар келді.

Жұмыс берушіге де, жұмыс іздеушіге де тиімді курс кәсіпкерлікті дамыу жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізілуде. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері биыл бастама аясында 150 адамды жұмыспен қамтымақ.

ЕРКЕБҰЛАН РАЙЫМБЕКОВ, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Жұмыспен қамту орталығының мамандары адамдарды тігінші, аспазшы мамандығына оқуға жібереді. Қазіргі таңда 34 адам оқуда. Бұған 33,6 млн теңге қаржы бөлінді.

Қазір қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында 2 мыңға жуық жұмыссыз тіркеуде тұр.

 

Гульден Симбаева