СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарТЖ

Облыс әкімі Үкімет отырысында Петропавлда болған өртке қатысты баяндама жасады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бүгін облыс әкімі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысына қашықтықтан қатысып, Петропавлда болған өртке қатысты баяндама жасады. Естеріңізге сала кетейік, 7-ші мамыр күні қаламызда 7 гектар алқапта қамыс өртенді. Қатты желдің салдарынан өрт тұрғын үй секторына өтіп, 9 баспана жанып кетті. Екеуі бүлінді. Оқиға орнында жауапты сала өкілдері жылдам әрекет етті. Нәтижесінде жақын маңайдағы 25 үй аман қалды, 40 адам эвакуацияланды, отқа оранған және көрші үйлерден 40 газ баллоны шығарылды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өзім де өрт басында болдым және зардап шеккен тұрғындармен кездесу өткіздім. Зардап шеккендердің барлығы уақытша пәтерге орналастырылды. Оларға жоғалған құжатты қалпына келтіруге көмек көрсетіліп жатыр.

Баяндамасында Айдарбек Сапаров орман өрті туралы да баяндады. Мәселенің өзектілігін ескеріп жергілікті билік арнайы қаулы қабылдапты. Көпке мәлім, қазір Ресейде жағдай мәз емес. Бізге төнер қауіптің алдын алу үшін тараптар өзара іс-қимыл мәселелері бойынша келісім де жасасқан. Оның аясында көрші елдің шекаралас өңірлері мен шекара маңы аумақтарында бас көтерген тілсіз жау ауыздықталады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сөз соңында сандарды сөйлетейік. Өңірімізде күштер мен құралдардың өзара іс-қимыл жоспары аясында өрт қаупі бар маусымға 52 жедел топ құрылыпты. Соңғы 2 жылда 285 млн теңгеге 27 бірлік мамандандырылған техника сатып алынған. Осы жылға 12 өрт сөндіру модулін сатып алуға 131 млн теңге бөлініпті. “Бүгінгі таңда минералданған алқап салу жұмысы аяқталды. Орманды дала өртінің алдын алу және жою мәселесі тұрақты бақылауда”,- деп баяндамасын аяқтады Айдарбек Сапаров.

 

Байболат Култанов