Экономика және қаржы

Қазақстан экономикасы 5 пайызға өсті

Үкімет отырысында қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Жиын барысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есептік кезеңде Қазақстан экономикасы 5 пайызға өскенін баяндады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады, ең жақсы көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында тіркеліп отыр. Негізгі капиталға түскен инвестициялардың өсу қарқыны 18 пайызды құрады. Атап айтқанда, инвестициялар ағыны ауыл шаруашылығында, көлік және қоймалауда, жылжымайтын мүлік операцияларында өсті. Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес, қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда айналымы 13,4 пайызға өсіп, 32,7 млрд долларды құрады. Биыл машина жасауда, оның ішінде локомотив пен вагон өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте орнықты өсім байқалады. Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша ең үздік көрсеткіштер еліміздің 9 облысында, соның ішінде аққайыңдар өлкесінде де байқалады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов министрліктер мен аймақ басшылары экономиканы одан әрі әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы жылдың сәуір айында инфляция 16,8 пайызға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек.

 

Самал Жунусова