Құқық қорғау органдары

СҚО-да 2 жігіт 450 келі есірткімен ұсталды

“Петропавл-Астана” тасжолы. Полицейлер «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүргізушісін көлікті тоқтатуды талап етеді. Алайда, рөлдегі адам тәртіп сақшыларының талабын елемейді. Көп ұзамай жедел уәкілдер көлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатады. Ішінде 29 бен 30 жастағы петропавлдықтар болады. Тексеріс барысында көліктің жүксалғышынан өсімдік тектес зат салынған 5 қап тәркіленді. Сараптама нәтижесінде оның марихуана екендігі анықталды. Салмағы – 128 келі. Бұл аса ірі көлемге жатады. Сондай-ақ, 29 жастағы ер адамның гаражынан 300 келі марихуана мен 21 келіден астам гашиш табылды.

РУСЛАН НАЗАРОВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Жүргізілген сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 464 килограмды құрады. Бұл облыста соңғы 10 жылда тәркіленген есірткінің ең ірі партиясы болып табылады.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған 2 жігіт қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр. Аталған бапта 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Самал Жунусова