Білім

Петропавлдағы 3 мектепте қазақ сыныптары ашылады

Облыс орталығындағы 3 мектепте қазақ сыныптары ашылады. Жаңашылдық жаңа оқу жылында жүзеге асырыла бастайды. Өзгеріс “БЭСТ”, “IT-лицей” мен “Бірінші гимназияда” орын алмақ. Бұл туралы бүгін аймақтық “Мирас” қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында мәлім болды.

АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Ата-аналардан өтініштер түсті. Көпшілік балаларымыз ана тілінде оқығанын қалаймыз деп жатты. Сондықтан, орталықтағы лицей мен гимназияларда қазақ тілді сыныптар ашып, мәселені шешуге тырыстық. Қазір бірінші сыныптарға қабылдау жүріп жатыр. Ол қабылдау 1-ші тамызға дейін электронды түрде жүргізіледі. Былтырғы жылы мысалы аудандардағы 4 мектепте қазақ сыныптары ашылды.

Жалпы, қазіргі таңда қаламызда 36 мектеп бар. Мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер саны алтау. Бесеуі – аралас мектептер. Бұл оқу ұяларында 5 мыңнан астам бала ана тілімізде білім алады. Ал орыс тілді мектептерде 10 мың қазақ баласы жүр екен. Жиында көпшілік бұл мәселеге де тоқталды.

Белгілі болғандай қажеттілік туындаған жағдайда орыс тілді мектептерде қазақ сыныптары ашылады. Бар болғаны ата-аналар өтініш білдірулері керек. Бірақ, қазіргі таңда ата-аналардың кейбірі қоғам сөзінен секем алып ұл-қыздарын орыс тілді мектептерге береді екен. Бұған білім басқармасы жүргізген сауалнама дәлел.

 

Алдияр Айтпаев