Мәдениет

Петропавлда ресейлік бишілер өнер көрсетті

Өңірімізге көрші Ресей елінен «Сібір биі» атты ансамбль келді. Ұжым облыстық филармония сахнасында өнер көрсетті. Мың бұралған бишілердің костюмдері көздің жауын алады. “Сібір биі” ансамблі бұрынғы құраммен елімізге соңғы рет 89-шы жылы келген екен. Жастардан құралған ұжым тәуелсіз Қазақстанға бірінші рет ат басын бұрған.

СОФЬЯ ВАСЕНЁВА, М.Годенко атындағы Сібірдің Красноярск мемлекеттік академиялық ансамблінің әртісі, РФ:

– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмыз. Астана, Көкшетау қаласында өнер көрсеттік. Өкінішке қарай көрермендер аз болды. Бірақ, біз бұған көңілімізді түсірмедік. Тұрғындар бізді жылы қарсы алып жатыр. Қалаларды аралап үлгермедік. Әлі талай рет келеміз.

Бишілер көрермендерге 17 нөмір ұсынды. Топта 60 биші бар. Көрермендер ансамбльдің алтын қорынан КСРО-ның халық әртісі Михаил Годенконың әлемге әйгілі «Менің Сібірім», ырғағы баяу лирикалық «Құдықта» атты туындыларын тамашалады. Ансамбльді Михаил Годенко 60-шы жылы ерекше дарынды кәсіби бишілерді біріктіру нәтижесінде құрған.

ЛИДИЯ ДЗЬОБАК, М.Годенко атындағы Сібірдің Красноярск мемлекеттік академиялық ансамблінің хореографы, РФ:

– Би – жинақылық пен нәзіктіктің айнасы. Біздің билеріміз Сібір табиғатына, халқының тұрмыс салтына, мәдениетіне негізделіп құрылған.

Бұл – ұжымның еңбек демалысы алдындағы соңғы гастрольдік сапары. Бишілер біраз үзілістен кейін Ресей елінің қалаларында қайта өнер көрсетпек.

 

Гульден Симбаева