СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жаңа үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарын сынға алды

Өңір жетекшісі облыс орталығындағы бірқатар құрылыс алаңын аралап, салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен және іргелес аумақтарды абаттандыру жұмысымен танысты. Айдарбек Сапаров бірқатар мердігерге наразылығын білдіріп, өзіне жүктелген міндетті сапалы орындамаған компаниялармен келісім шартты бұзу қажет екенін атап өтті. Ең алдымен өңір жетекшісі «Жас өркен» шағын ауданындағы Горький көшесінде салынып жатқан үйдің құрылыс алаңында болды. 2021 жылдың маусым айында салына бастаған нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Мұнымен қоса, құрылыс жұмысына жауапты компания тиісті аумақты абаттандыруға да кіріспепті. Айдарбек Сапаров тұрғын үйді 15 маусымға дейін қолданысқа беруді тапсырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылыс жұмысы толығымен аяқталмаған. Абаттандыру жұмысы басталмапты. Нысанда қазір 25 адам еңбек етіп жатыр. Алдарыңызға нақты міндет қойсақ, жұмыс та кестеге сәйкес жүруі керек.

Келесі үйге қатысты конкурс 2022 жылдың қаңтар айында өткенімен, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін басталмаған. Дегенмен, мердігер үйді жылдың аяғына дейін тапсырамыз деп сендіріп отыр. Тиісті материалдар сатылып алынды, техника дайын тұр. Жұмыстың кешеуілдеуіне жер үйлердің уақытында бұзылмауы себеп.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең алдымен үйлерді толығымен бұзу қажет. Құрылыс алаңы толығымен дайын болған соң ғана конкурс жариялап, мердігер компанияны белгілеу керек. Жұмысты тездетіңіздер.

Сондай-ақ, өңір басшысы Уәлиханов көшесіндегі жаңа үйлердің аулаларының абаттандырылуын байқады. Өкінішке қарай, бұл жерде жұмыстар әлі басталмаған. Дәл осындай проблема «Береке» шағын ауданында құрылысы аяқталған үйлерде де баршылық. Облыс әкімі тұрғын үйлер бойынша барлық келісім шартты қайта қарастырып, қажет болған жағдайда мердігермен арада жасалған келісімді бұзу керектігін айтты. Содан кейін басқа құрылыс компаниясын іздестіру қажет.

 

Самал Жунусова