Спорт

Бокстан әйелдер арасындағы жазғы спартакиада бастау алды

Өңірде бұрын-соңды болмаған дода. Бүгін Петропавлда бокстан әйелдер арасындағы жазғы спартакиада бастау алды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық спортшы қатысуда.

Шаршы алаңда – Абай және Қызылорда облыстарының спортшылары. Екеуінің де салмағы – 48 келі. Тартыс қызу. Тәжірибелі екендері көзге көрініп тұр. Көк бұрышта – Абай облысының намысын қорғау үшін келген Бақытгүл Байбекова. 21 жастағы боксшы осыдан 6 жыл бұрын былғары қолғапты қолына алғаш киіпті. Осы уақыт ішінде бірнеше жүлдеге ие болған. Осы жолды Петропавлда жалғастырғысы келеді. Алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.

БАҚЫТГҮЛ БАЙБЕКОВА, жарысқа қатысушы, Абай облысы:

– Бірінші жекпе-жегімді өткіздім. Ол әрдайым ауыр болады. Сондықтан, бұл жолы да жеңіл болды деп айта алмаймын. Қарсыласым тәжірибелі. Төзімділіктің арқасында жеңіске жеттім.

Келесі болып ортаға Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының өкілдері шықты. Шымкенттен келген спортшының тәжірибесі молдау, шапшаңдығымен де көзге түседі. Соққылары дөп тиюде. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

ЖАНСАЯ РАХЫМБЕРДІ, жарысқа қатысушы, Шымкент қаласы:

– Қарсыласым осал емес. Ағайлардың айтқанымен жеңіске жеттім. Бокспен айналысып жүргеніме 7 жыл болды. 2 рет Қазақстанның қола жүлдегері атандым. Алда әлі жеңістен үміттімін.

Жалпы, жарыста еліміздең 16 облысының спортшылары бақ сынасуда. Бәрі мықты дайындықпен келген.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жалпы, жазғы спартакиада жайлы айтсақ, қазіргі уақытта біздің өңір 3 спорт түрінен 11-ші орында тұр. Алда әлі де жарыстар бар. Сонда жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын. Әйелдер арасында бокс жақсы дамып келе жатыр деп айта аламын. Бұл бағытта Петропавлдың 3 мектебінде және аудандардағы 7 мектепте қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша, бұл дода – Азия чемпионатына іріктеу. Бәсі биік бәсеке ағымдағы жылдың күзінде өтпек.

 

Самал Жунусова