Экология

“Жасыл мекен” челленджі

Қаламыздағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы республикалық челленджге қатысты. Нақтырақ айтсақ, “Жасыл мекен” атты шараға биылғы түлектер, 10-шы сынып оқушылары және мұғалімдер қолдау білдірді. Олар оқу ошағының аумағына көшет екті.

СӘУЛЕ ТҰРСЫНОВА, Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры:

– Біз бүгін “Жасыл мекен” республикалық челленджіне қатыстық. 20 алма ағашы мен 10 ольха ағашын ектік. Мұндағы негізгі мақсатымыз – жасөспірімдерді еңбекке баулу, табиғатты аялау және өз мекенін құрметтеуге үйрету. Балаларымыз “Бүгін отырғызған кішкентай алма ағаштары 10 жылда алма береді, осында балаларымызды әкелеміз” деп айтып жатыр. Сол күнге жеткізсін!

Игі шарада ұстаздар мен оқушылар бірліктің үлгісін көрсетті. Ұлдар жағы бір минутты да зая кетірмей жер қазып, ағаш отырғызды, ал қыздар жағы суқұйғышпен су құйды.

НҰРЛАН ҚҰРМЕТОВ, Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Мектебіміздің алаңында алма ағаштарын ектік. Ағаштарды 10-сыныптарға аманат етіп тапсырамыз. Осылайша, мектептің дамуына өз үлесімізді қосамыз деп білемін.

Егілген талдардың күтімі жақсы болса, жапырағы жайқалып, жеміс береді. Жазда сая, ал қыста қамал болатыны да анық. Жас ағаштарды күтіп-баптау міндеті қазіргі 10-сынып оқушыларына табысталды.

АЙДАНА ҚАБДУШЕВА, Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектебінің 10-сынып оқушысы:

– Біз 11-сыныптармен тығыз байланыстамыз. Мектептегі тату сыныптар болып табыламыз. Акция жақсы деңгейде өтті деген ойдамын. Бұл ағаш өсіріп, экологиялық мәселелерді шешуге ғана септігін тигізіп қойған жоқ. Оқушыларды ұжымдастыра да білді.

“Жасыл мекен” республикалық челленджі аясында түлектер өз тілектерін де жазды. Арнайы капсула мектеп аумағына көмілді. Жастар оны бірнеше жылдан соң бірге ашамыз деп серттесті.

 

Аснурия Абдула