БілімБалалар

Отбасылар арасында эстафета өтті

№42 орта мектебінде жанұялар арасында “Отбасы – алтын діңгек” атты эстафета өтті. Мұнда Жұмысшы кентіндегі 3 мектептің өкілдері қатысып жатыр. Әр жанұядан 4 адамнан бақ сынауда. 42-ші мектептің атынан Кәрімовтер шықты. Топ “Қыран” деп аталады. Әлия Кәрімованың айтуынша, үйлерінде барлығы спортқа жақын.

ӘЛИЯ КӘРІМОВА:

– Осы конкурсқа бүкіл отбасымызбен қатысып жатырмыз. Күйеуім және 2 қызым қатысады. Қыздарым осы мектепте оқиды. Үлкен қызым 3-ші сынып, кіші қызым 1-ші сыныпта оқиды. Біздің отбасымыз спортқа жақын. Өзім мектеп кезінде көптеген жарыстарға қатысқанмын.

Эстафета 9 кезең бойынша өтіп жатыр. Олар: “Визит карточкасы”, “Жаттығу”, “Әкемнің қолынан бәрі келеді”, “Егін” сынды додалар. Қатысушыларды жақындары қолдай келген. Кейбіреулерінің эстафеталық ойын кезінде сүрініп қалып жатқан кездері де болды.

Қазір қатысушылар арнайы белгіден айналып өтіп, қолдарындағы таяқшаны келесі адамға берулері қажет. Бұл ойында 42-ші мектептің өкілдері жеңіске жетті.

БЕКАЙДАР ШАЛАХАЕВ, №42 орта мектебінің директоры:

– Бүгін №42 орта мектептің шаңырағында 27-ші, 44-ші, 31-ші мектептердің ата-аналары қытысып отыр. Жеңімпаз кубокпен марапатталады. Біздің мұндағы мақсатымыз – ата-аналар мен мектеп ұжымын жақындату.

Эстафетаның жалпы нәтижесі бойынша 42-ші мектептің намысын қорғаған Кәрімовтер жанұясы жеңіске жетті. Сайысқа барлығы – 12 адам қатысты. Мұндай шара мектеп қабырғасында 5-ші рет ұйымдастырылып отыр.

 

Гульден Симбаева