Қоғам

Отбасы – бақыт кепілі

Қаламызда халықаралық отбасы күніне орай “Отбасы – бақыт кепілі” атты фестиваль өтті. 7 кезеңнен тұратын сайысқа жергілікті 15 жанұя қатысты. Шара жайлы естіп, қатысуды ұйғарған Төртібаевтар жанұясы мықты дайындықпен келіпті. Бұл шаңырақтың құрылғанына 13 жыл болған. Ерлі-зайыпты мен қос баласы осындай байқауларда жиі бақ сынап тұрады екен.

НҰРЛАН ТӨРТІБАЕВ, фестивальге қатысушы:

– Бүгінгі Отбасы күні барлығымызға құтты болсын! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Бүгін отбасыммен конкурсқа қатысуға келіп отырмын. Кімнің мықты екенін көретін боламыз.

Байқаудың бір кезеңі – отбасылық топтардың ән айтуы. Туындылар таңдала білуі керек. Қазылар алқасы әндердің тақырыпқа сай болуын ескереді.
Содан соң түрлі конкурс ұйымдастырылды. Әр сайыста жанұялардың жақтастары қатысушыларды қошеметпен, қолдау сөздермен демеп отырды.

ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, СҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

– Фестиваль ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның қолдауымен өтіп жатыр. Біз қала бойынша хабарландыру жарияладық. Қатысушылардың саны бойынша шектеу жоқ. Сондықтан, барлық үміткерді қабылдадық. Ең мықты әрі белсенді отбасылар бүгін өздерін көрсетіп, үлгілі отбасы екендіктерін дәлелдейді.

Қаламызда алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль соңында үздіктер анықталды. Оларға түрлі сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Қатысушылар алдағы уақытта шара өз жалғасын табады деген сенімде.