БілімБалалар

Оқу жылының аяқталуы жайлы

Оқу жылының аяқталуына аз уақыт қалды. Өзіміз жақсы білетіндей, биыл мектептерде соңғы қоңырау мамырындың 25-інде емес, 31-інде соғылады. Яғни, сәтті саналатын сәрсенбіде сыңғырламақ. Бүгін бұл тақырып орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында қаузалды. Спикер – оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.

ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

– 30-шы мамыр – соңғы оқу күні. Бұл күні барлық мектепте әдеттегідей сабақ кестесіне сәйкес сабақ жүргізіледі. Сабақтың соңында әр сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағатының сценарийлерін мұғалім сыныптың жас ерекшелігін ескере отырып, дербес анықтайды. Сынып сағатының негізгі мақсаты – оқу жылын қорытындылау, алдағы уақытта ұзақ мерзімді жазғы демалыс кезеңіне бағдарлама беру.

Сонымен қатар, сынып сағатында саяси репрессия мен аштық құрбандары еске алынып, олардың есімдерін құрмет тұту бойынша сөз қозғалмақ. Енді
соңғы қоңырау шарасы жайлы айтайық. Бейінді министрлік салтанатты жиынды 1-ші маусым – Балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынып отыр.

ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

– Тағы бір айта кететін жайт, 9-11 сынып түлектері бітіру емтихандарын тапсырады. Тоғызыншы сынып бітірушілер қорытынды мектеп емтихандарын 2-13 маусым аралығында өткізеді. Ал 11 сынып түлектері мемлекеттік емтиханды 5-19 маусым арасында тапсырады. Аттестат тапсыру салтанаты өткізіледі. Бұл шараларды 20,21,22 маусым күндері өткізуді ұсынып отырмыз.

Мектеп бітіру – қып-қызыл шығын. Осы орайда оқу-ағарту бірінші вице-министрі ұстаздар мен ата-аналарға жүгінді.

ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

– Атап өтейін дегенім, ата-аналардан іс-шара өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдап шақыру үшін қаражат жинауға тыйым салынады және педагогтерге мектеп әкімшіліктеріне сыйлық жасау үшін ешбір қаражат ата-аналардан, басқа жерлерден де жинауға тыйым салынатынын қатаң түрде ескертеміз.

Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан біраз сұрақ қойылды. Сауалдардың бірі оқу жылының соңғы күнін қайтадан мамырдың 25-іне ауыстыру жайлы болды. Өз кезегінде Шолпан Каринова өзгеріс жоспарланып отырмағанын мәлімеді.

 

Байболат Култанов