Құқық қорғау органдары

Облыстық полиция департаментінде Отбасы күні аталып өтті

Әке отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Бүгін облыстық полиция департаментінде Халықаралық отбасы күні аталып өтілді. Шара барысында тәртіп сақшылары концерттік бағдарламаны тамашалады.

Сондай-ақ, көпбалалы отбасылар марапатқа ие болды. Солардың бірі – тәртіп сақшысы Талғат Есмағамбетовтың жанұясы. Азамат патрульдік полиция батальонының аға инспекторы қызметін атқарады. Құқық қорғау саласында еңбек етіп жүргеніне 18 жыл болыпты. Қауіпті әрі қиын қызметте отбасына да уақыт тауып үлгереді. Зайыбы Жанар екеуі 4 ұл тәрбиелеп отыр.

ЖАНАР ЕСМАҒАМБЕТОВА:

– Кіші ұлымыз Әлихан 2 жаста. Тәртіп сақшысы болғысы келеді. Полицеймен байланысты ойыншықтары көп. Әрдайым әкесін жұмысқа шығарып салады, күліп қарсы алады.

ТАЛҒАТ ЕСМАҒАМБЕТОВ, қалалық ПБ ППБҚ аға инспекторы:

– Бос уақытымызды бала-шағамен бірге өткіземіз. Саябаққа барып серуендейміз, сауда үйлерін аралаймыз. Жұмыста қиын сәттер болып тұрады. Сондай уақытта отбасымның қолдауы мен үшін аса маңызды.

Жалпы, шарада көпбалалы 3 отбасы марапатталды. Сондай-ақ, департамент бастығы ерлі-зайыптылардың екеуі де полицияда қызмет ететін отбасылардың жұмысын атап өтті. Өңірде мұндай 70-ден астам жанұя бар екен.

Кейін мерекелік шарада жуырда өткен «Міндет, абырой, ерлік» атты көркепөнерпаздар байқауының қатысушылары марапатталды. Сайысқа тәртіп сақшылары қатысқан. Олардың қатарында полицияда 13 жыл бойы қызмет етіп жүрген Рауан Бимақанов та бар.

РАУАН БИМАҚАНОВ, СҚО ПД айдауылдау қызметі взводының полицейі:

– ІІО қызметкерлері арасында «Міндет, абырой, ерлік» тақырыбында көркемөнерпаздар арасында байқау өтті. Полиция қызметкерлері шығармашылық өнерлерін көрсетті. «Мен қазақтың ұлымын» әнін орындадым. Әнге деген қызығушылығым бала кезімде басталған. Әке-шешем әнші болған.

«Міндет, абырой, ерлік» байқауының жеңімпаздары маусым айында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды.

 

Самал Жунусова