СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданында жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қосылды

Бұл – Аққайың ауданындағы жарты ғасырлық тарихы бар Власовка орта мектебі. Оқу ұясындағы 105 балаға 21 мұғалім білім береді. 2020 жылы нысан күрделі жөндеуден өтті. Ауқымды істің нәтижесінде тозған шатыр мен өңі кеткен еден ауыстырылды. Өңір жетекшісі Аққайың ауданына жасаған жұмыс сапарын осы мекемеден бастады. Аймақ басшысы кабинеттерді аралап, 3 жыл бұрын істелген істі бағамдады.

Мектеп оқушылары жан-жақты. Ұл-қыздар оқуда да, спортта да озат. Оған мына бір кубок-медальдар дәлел. Балалардың жүлделері бір дәліз бойымен тізіліп тұр. Ал білім сапасының жоғары екендігіне ҰБТ-дағы көрсеткіш дәлел. Бұл бағытта Власовка орта мектебі аудан бойынша үздік үштікте.
Ауылда 233 үй түтін түтетіп отыр. Ағайынмен жүздескен Айдарбек Сапаров жауыр болған жол мәселесіне қатысты сүйінші жаңалықпен бөлісті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қиялы мен Смирновоға барар жолдың жағдайы жақсармақ. Жыл сайын бұл аралықта орта және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізуге қатысты жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Жақында конкурс жарияланады. Бастапқы кезеңге 200 млн теңге бөлінеді. Жөндеу жұмысы келесі жылы аяқталады.

Жол мәселесін былай алғанда тұрғындар ауылда жасалған жағдайға дән риза. Бұл туралы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марина Полтавец айтты.

МАРИНА ПОЛТАВЕЦ, Власовка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Үйлерде автомат кіржуғыш машиналар тұр. Су күндіз-түні ағып тұр. Мәдениет үйі бар. Денсаулық сыр берген жағдайда дәрігерлерге жүгіне аламыз. Ауылымыздың жас-кәрісі Алматы, Түмен сынды қалаларға барып, сайыстарға қатысады.

Ауылда жуырда «Гердт В.В.» ШҚ-ның жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. 20 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Орташа жалақы 220-280 мың теңгені құрайды. Кешенде еңбек ету үшін Светлана Тишковец өзге ауылдан көшіп келіпті. Қазір мұнда нәзікжанды бұзау күтімімен айналысады.

СВЕТЛАНА ТИШКОВЕЦ, «Гердт В.В.» ШҚ қызметкері, Аққайың ауданы:

– Бұрын тұрған ауылымда жұмыс болмады. Содан осында келдім. Әзірге, 150 мың теңге көлемінде жалақы аламын. Бұзау көбейген сайын еңбекақым артады. Ауылдарда осындай кешен ашылып жатқандығы қуантады. Халық жұмыспен қамтылады.

Жобаның жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайды.

ГЕРДТ ВЛАДИМИР, «Гердт В.В.» ШҚ басшысы:

– “Солтүстік” кәсіпкерлік корпорациясы 500 млн теңге бөлді. Мал алдық, шетелдік қондырғылар орнаттық. Жұмысшыларға жайлы жағдай жасап отырмыз. Қазіргі таңда өңірімізде іске асырылып жатқан пилоттық жоба өзге облыстарда да қолға алынуда.

Айдарбек Сапаров ферманың жұмысына жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, ауыл халқын жұмыспен қамтып, әлеуетті арттыруда кәсіпкерлер маңызды рөл атқаратындығын атап өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Власовканың тұрғындары ауылдан көшкілері келмейді. Мұнда олар үшін жайлы жағдай жасалған. Шеттен келген ағайын да жұмыспен қамтылып жатыр. Мәдениет үйі мен мектеп жұмыс істеп тұр. Жолдар жөнделіп жатыр. Үй ішіне дейін су тартылған.

Жергілікті аграрийлерді облыс әкімі мал шаруашылығына көңіл бөлуге шақырды. Бұл бағытта мемлекет кәсіпкерлерді әрқашан қолдауға дайын.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қой өсіру шарушылығы облыста сылбыр дамуда. Онымен айналысатын шаруалар да саусақпен санарлық. Сұраныс бар. Мемлекет те қолдауға дайын. Бір қой үшін 30 мың теңге субсидия бөлінеді. Құрылыс пен қондырғы алуға да көмек беріледі.

Бұдан кейін аймақ басшысы алқапқа ат басын бұрды. Танапта “Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясының” техникасы жүр. Мамандар егіс жұмыстарына кірісіпті. Тегеурінді көлікті Евгений Джу тізгіндеп келеді. Серіктестік қарамағында азамат 5 жылдан астам уақыт бойы еңбек етеді.

ЕВГЕНИЙ ДЖУ, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы” ЖШС механизаторы:

– Жалақы уақытылы әрі көңіл көншітерлік деңгейде төленеді. Техника жаңа. Өзім “John Deere” себу кешенін жүргіземін. Бұл техникамен алқапқа 4 жыл қатарынан шығып жүрмін.

Өңір жетекшісі аграрийлермен жүздесіп, егіс науқанын өткізуде сәттілік тіледі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмысты уақытылы бастадық. Диқандардың барлығы іске білек сыбана кірісті. Егіс науқанын белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет. Тұқым бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ. Жеңілдетілген жанар-жағармайды барлығыңыз алдыңыздар. Жұмыс істеу ғана қалды. Өз жұмысшыларыңызға жағдай жасауды ұмытпаңыздар.

Алқаптағы жиынға “Санта-Мария” серіктестігінің басшысы Павел Леонов та қатысты. Шаруа егіс науқанын мамырдың 17-сі бастап, 30-ы аяқтауды жоспарлап отыр. Әзірге, жұмыс басталмапты.

ПАВЕЛ ЛЕОНОВ, «Санта Мария» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– 8 мың гектарға дән сіңірілмек. Техника жаңа. Бәрі ойдағыдай өтуі керек. 68 тонна тыңайтқыш сеуіп қойдық. Бұл салада менің 40 жылдық тәжірибем бар.

Алқапта техникасы жүрген серіктестік Шағалалы ауылында жаңа жатақхана тұрғызыпты. Қазір онда елордадан келген тәжірибеден өтуші студенттер тұрып жатыр. Жастар күнделікті танаптағы жұмыспен танысады, тәжірибе жинайды.

Айдарбек Сапаров Шағалалы ауылының даму қарқынымен де танысты. Елді мекеннің саябағына сән кіріпті. Әлеуетті арттыруға жергілікті кәсіпкерлер де ат салысуда. Мәселен, мына бір дүкен. Мұнда үйге керектінің бәрі бар. Жанынан ТҚК орны мен көлік жуу нысаны да салынып жатыр. Қос нысанды мемлекет қолдауымен Свистуновтар әулеті тұрғызуда.

 

Алдияр Айтпаев