МәдениетҚоғам

Жазушы Әбдірахман Айсариннің туғанына – 125 жыл

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жазушы Әбдірахман Айсаринді еске алу шарасы өтті. Теріскейдің тумасын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Себебі, ату жазасына кесілген азамат жайлы соңғы жылдары ғана кеңінен айтылып жүр.

ОРЫНБАСАР КӨШЕРОВА, Әбдірахман Айсариннің келіні:

– Біз атамыздың 120 жылдығын осы кітапханада 18-ші жылы атап өттік. Көрме ұйымдастырылды. Көрген-білгендер атамыз жайлы айтты. Содан 5 жыл өтіпті.

Әбдірахман Айсарин – Жамбыл ауданының тумасы. Ол «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Еңбекші қазақ» сынды газеттерде жұмыс істеді. Марғасқа Мағжандармен ел өміріне белсенді араласты. Тіпті, қылышынан қан тамған заманда Алашорда үкіметін құруға қатысты. Осы үшін 37-де тұтқындалды, ал 38-де ату жазасына кесілді. Бүгінгі еске алу шарасына қаламгердің ұрпақтары да қатысты. Олар аталары жайлы біраз дерек біледі. Мәселен, Әбдірахман Айсариннің жиені Күләш Шаяхметова халық жауының зайыбы саналған әжесінің айтқанымен бөлісті.

КҮЛӘШ ШАЯХМЕТОВА, Әбдірахман Айсариннің жиені:

– Нағашы апам 5 жыл Карлагта отырды. Волоколамскіде темір жол салды, Қара теңізде тұз өндірді. Шешем де қиындықтарды көп көрді. Ата-анадан 10 жасында қалған өзі бауырларына шеше ретінде болды.

Өкінішке қарай, Әбдірахман Айсариннің 17 еңбегі ғана бүгінгі күнге дейін жетті. Қалғаны сонау 37-де тәркіленіп, жойылыпты.

 

Гульден Симбаева