Мәдениет

Теріскейлік режиссёрдің туындысы халықаралық байқауда топ жарды

Осыдан тура 3 ай бұрын аққайыңдар өлкесінде кезекті тарихи көркем фильм түсірілді. Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» шығармасына негізделген сол туынды жақында халықаралық “Томирис” кинофестивалінде үздік деп танылды.

Туындыны кәсіби мамандар емес, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Кино және теледидар» факультетінің студенттері түсірді. Түсірілім 10 күнге созылған. Бірақ, еңбекті жарыққа шығару 2 жыл бұрын ойластырылыпты. Фильмнің қоюшы-режиссёрі – Ернат Сәбитов. Астанада білім алатын талантты жас – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Бұл – оның киноиндустрия саласындағы алғашқы еңбегі.

ЕРНАТ СӘБИТОВ, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана қаласы:

– Еңбегіміз зая кетпейтініне сендік. Орын алатынымызды білдік. Бірақ, басты марапат бұйырады деп ойламадық. Киноны Қызылжар ауданы Архангельское ауылында түсірдік. Себебі, бұл елді мекенде көне үйлер көп. Өзіміз студентпіз. Сол себепті, қаржылай қиындықтар болды. Ауыл тұрғындары қолдады. Жататын жерімізді тегін берді.

Фильм қос аталымда топ жарды. Германия мен Түркия елінің қазылары оператордың да жұмысын жоғары бағалаған. Сол үшін туындыға “Болат Сулеев атындағы арнайы марапат” та беріліпті. Ернат Сәбитовтың жоспары ауқымды. Ол “Күлпәш” фильмін өзге де байқауларға жолдамақ.

ЕРНАТ СӘБИТОВ, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, Астана қаласы:

– Өткен фестиваль тек бастамасы болды. Киноны “Байқоңыр” фестиваліне ұсынбақшымыз. Бұл да ауқымды фестиваль. Енді заманауи кино түсіргіміз келеді. Әрине, туындының мәні мен ой түйерліктей тұсы болғанын қалаймыз. Бұл – мектептегі буллинг тақырыбы.

Алғашқы туындыны өз қаржысына түсірген талант кезекті еңбекке демеуші іздейді. Айта кетейік, жоспардағы фильм де өңірімізде түсірілуі мүмкін. Осы арқылы Ернат Сәбитов аққайыңдар өлкесіндегі киноиндустрияны дамытуға үлес қосқысы келеді.

 

Алдияр Айтпаев