Экономика және қаржыАптадағы маңызды жаңалықтар

Өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты жаңашылдықтар жарияланды

БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:

– VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы сөз алғаны белгілі. Наурыздағы алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге экономиканы дамыту жолында өздеріне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет деді. Мұндай жандар бар. Олар үшін Үкімет қолайлы жағдайлар қарастыруда. Мысалы, қазір Қазақстанда жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтарын одан әрі қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізілуде. Оның аясында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталады және мемлекеттік бақылаудың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылады.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Бұл жаңа жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адами факторсыз, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері негізінде барлық тексеру кестелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тексерулер санын азайтып, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, мемлекеттік ресурстар мен инфрақұрылымға қолжетімділікті жеңілдету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа моделі әзірленді. Соның аясында жергілікті деңгейде жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым және әкімдіктердің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсету жалғаса бермек.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Негізгі капиталға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша әкімдіктерге қойылған нақты KPI бар. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілді, сол себепті әкімдіктер жеке секторды кеңейтуге мүдделі.

Жиын соңында Әлихан Смайылов Үкімет әрқашан бизнеспен диалогқа ашық әрі оның дамуына ықпал ететін жобаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін тағы да атап өтті.

 

Байболат Култанов