Құқық қорғау органдары

Мергендер анықталды

«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасында құқық қорғау органдары қызметкерлері Макаров тапаншасынан атып жарысты.
Әр ведомствоның намысын 3 адам қорғады. Оларға жалпы саны 13 оқ берілді. Сайыс ережесі бойынша соңғы атылған 10-ы есепке алынды.

ЕРЛАН ҚАБДУӘЛИЕВ, СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бөлім бастығы:

– Бұл жарысқа 24 команда қатысуда. Жарыстың мақсаты – құқық қорғау қызметкерлерінің арасында үздік мергендерді анықтап, жауынгерлік даярлығын арттыру және маусым айында Астана қаласында болатын республикалық жарысқа полиция департаментінің командасын жасақтау.

Тартысты жарыста полиция департаментінің қызметкерлері жеңіске жетті. Олар жалпы 300 ұпайдың 245-ін жинады. Екінші және үшінші сатыларға ҚР Ұлттық ұланы Академиясының және 6637 әскери бөлімінің өкілдері жайғасты.

ІЛИЯС ҚҰНАНБАЙ, Айыртау ауданы полиция бөлімінің аға криминалисі:

– Осындай жарыс жылда болып тұрады. Біз келіп тұрамыз. Бұл жарыс керек деп ойлаймын. Өйткені, әр полиция қызметкері тапаншамен жұмыс істей білуі тиіс.

Жүлдегер командаларға кубоктар мен грамоталар, ал жекелей есептегі жеңімпаздарға «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Спартакиаданың келесі түрі – Президенттік тесттер, ол мамыр айының соңында өтеді.

 

Байболат Култанов