Денсаулық сақтау

Мамырдың 12-сі – Халықаралық медбике күні

Мамырдың 12-сі – Халықаралық медбикелер күні. Осыған орай Петропавлдағы №2 қалалық емхана қабырғасында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жиында 6 ардагер медбике мен зейнетке шығайын деп жатқан мамандар алғыс хатпен марапатталды. Соның бірі – Көгершін Сауытова. Нәзікжандының 36 жылдық еңбек өтілі бар. Ол педиатриялық учаскелік медбике қызметін атқарған. 2019 жылы зейнетке шыққан.

Көгершін Сауытова, зейнеткер:

– Мен медбике қызметін бала кезінен армандадым. Себебі, ауылда медбике болды, соған қарап армандайтынмын. 3 жыл Елизаров емханасында жұмыс істедім. 83-ші жылдан бастап Сәтпаев емханасында қызмет атқардым.

Медбикелік – жүгі де, жауапкершілігі де мол мамандықтардың бірі. Сырқатына ем, дертіне дауа іздеген жанның көңіліне демеу бола білетін маман. Қарашаш Мұқатаева – осы емхананың күндізгі стационарлық медбикесі. Ол дәрігердің нұсқауымен науқастарға ине салып, дәрі береді. Маманның осы салада еңбек етіп келе жатқанына 38 жыл болыпты. 2-ші емхананың өзінде 18 жыл қызмет атқаруда. “Әр науқастың еміне жауапкершілікпен қарау керек”,- дейді нәзікжанды.

ҚАРАШАШ МҰҚАТАЕВА, №2 қалалық емхананың медбикесі:

– Мен ең алғаш хирургиялық бөлімшеде қызмет еттім. Содан кейін күйеуге шығып, ауылда фельдшер болып жұмыс істедім. Одан кейін 2005 жылы №2 қалалық емханаға келдім. 2009 жылдан бастап күндізгі стационарда медбике болдым. Науқастарға система қоямыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Жас мамандар келген кезде оларды үйретеміз.

Шара барысында емханадағы бөлімше қызметкерлері арасында байқау өтті. Оларға үй тапсырмасы алдын ала берілген. Талап бойынша қатысушылар көңілді видео түсіру керек болған.

БЕГАЙЫМ МЕЙМАНОВА, №2 қалалық емхана директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

– Біз оларды әртістік жағынан бағалаймыз. Бағалар қоямыз. 5 бөлімше қатысып жатыр.

2-ші қалалық емханада бүгінде 243 медбике жұмыс істейді.

 

Гульден Симбаева