Денсаулық сақтау

Соңғы екі айда облыста 100-ге жуық адамды кене шаққан

Абайлаңыз, кене! Соңғы екі айда облыста 100-ге жуық адамды кене шаққан. Аталған жайттардың жартысынан астамы Петропавлда тіркеліпті. Қауіпті жәндікке кез болғандардың 36-сы – 14 жасқа дейінгі балалар.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Қазір сынап бағанасы +14 градусты көрсетіп тұр. Бұл кенелер үшін қолайлы температура болып саналады екен. Мамандардың айтуынша кенелер сәуір мен мамыр айларында белсенді болады. Сол себепті, абай болу керек. Зиянды жәндіктер адамға ағаштан түспейді, ол жерде, шөп арасында жүреді.

СЕРІК АУСАТОВ, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы:

– Әдетте кенелер адамның киіміне жабысып, дененің ашық тұрған бөлігіне қарай ұмтылады. Қан соруға ыңғайлы жер іздейді. Жәндік көбіне шаш арасына жасырынады, құлақ тұсына жабысады, қолтыққа тығылады. Уақытылы анықталмаса терінің астына кіріп кетеді.

Кене денеге жабысқан жағдайда оны дұрыс ала білу керек. Әйтпегенде оның салдары болуы мүмкін. Бұл процестің өзіндік схемасы бар дейді мамандар. Сол себепті, дәрігерге жүгінген жөн. Ал дәрігерге қаралудың мүмкүндігі болмаса не істеу керек?

СЕРІК АУСАТОВ, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы:

– Теріге жабысқан қауіпті жәндікке вазелин немесе өсімдік майын құю керек. 5 минуттан кейін пинцет не болмаса жіптің көмегімен кенені тартып алу қажет. Осы сәтте сақ болу керек. Кене толығымен шықпай, теріде қара дақ түрінде қалып қойса, бірден дәрігерге жүгіну қажет.

Абырой болғанда, биыл жәндікке жем болған жерлестеріміздің арасында кене энцефалиті дерті анықталған жоқ. Десе де, мамандар саябаққа серуендер алдын жабық киініп алуға кеңес береді.

– Немерем екеуіміз серуендеп жүрміз. Сақтық шараларын қатаң ұстанамыз. Үйге келе сала денемізді тексереміз. Отбасымды кене шаққан жағдайлар болған жоқ.
– Қазір кенелердің ең қауіпті кезеңі екенін білемін. Балаларым саябаққа барма дейді. Бірақ, жабық киініп, барлық ережелерді ұстанып, 1-2 сағатқа шығып келемін.
– Итіммен шықтым. Үстіме арнайы дәрі жағып аламын.

Мамандар күн жылынғалы қаланың жасыл желегі мол аумақтарын өңдеп жатыр. Бүгінге дейін санитарлар 580 гектардан астам жерді дәрілепті. Жоспар бойынша өңдеу шаралары қазан айына дейін жалғасады.

 

Самал Жунусова