Балалар

Облыстық техникалық шығармашылық көрме өтті

Зеңбіректер, тракторлар, ұшақтар. Облыс орталығында дарынды ұл-қыздардың қатысуымен облыстық техникалық шығармашылық көрме өтті. Үстелге 60-тан астам дүние жайғастырылған. Барлығы таңдай қақтырады. Оқушылардың біреуі қашықтықтан басқарылатын көлік құрастырса, енді біреуі кәдімгі мопед жасаған.

Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Родион Покатилов достарымен бірге «Дружба» мопедін 1 жыл бұрын істеген. Кейбір бөлшегін велосипедтен алған. Көлікте 5 аттың күші бар дейді.

РОДИОН ПОКАТИЛОВ, көрмеге қатысушы:

– Жанармай багының көлемі – 2 литр. Жылдамдығы сағатына 50 шақырымды құрайды. Рөлі мен дөңгелектерін велосипедтен алдым. Орындығын ағаштан жасап, қаптадым. Әр затты жинауға уақытым көп кетті. Әлі де толықтыратын тұстары бар.

Илья Амелин – “Лорд” дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің оқушысы. Ол бүгінгі көрмеге суда жүзетін көлік дайындап әкелген. Құрал суда да, мұз да жүйткиді.

ИЛЬЯ АМЕЛИН, көрмеге қатысушы:

– Бұған арнайы 3 қозғалтқыш және басқару аппаратурасы орнатылған. Сағатына 60 шақырым жүреді. Суға жіберер кезде бөтелкенің ішіне құм салу қажет. Бұл салмақ қосу үшін жасалады. Осындай ерекше көлік құралын мұғаліміммен бірге 2 айға жуық құрастырдық.

Балалар 7 номинация бойынша бақ сынады: автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы, әскери техника, су көлігі, авиация, энергия және өнертапқыштық туынды. Қазылар алқасы туындыларды сапасына қарай бағалайды.

АМАНГЕЛДІ ҚАБДУЛБАРИЕВ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы:

– Балалардың деңгейін анықтаймыз. Істеген жұмыстарының сапасына қараймыз. Әділ бағалаймыз.

Көрмеге 100-ден астам оқушы мен студент қатысты.

 

Гульден Симбаева