Қоғам

15 мыңнан астам солтүстікқазақстандық көлік салығын төлемеген

Көлік салығын төлеу мерзімінің аяқталғанына 1 айдан асты. Соның өзінде 15 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тиісті төлем жасамаған. Қарыз көлемі – 411 млн теңге. Осы ретте облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарының айтары бар.

СҰҢҒАТ ҚОСПАЕВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

– 26-шы мамырдан бастап берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын борышкерлердің тізімдері сот орындаушыларына мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін жіберіледі. Өз кезегінде сот қызметкерлері салық төлеушінің мүлкіне тыйым салады, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатады.

Заңға сәйкес, сот орындаушылары банктегі есепшот пен мүлікті бұғаттауға құқылы. Тұрғынның қарызы 40 АЕК, яғни 138 мыңнан асса, елден шығуына тыйым салынады. Борышкер берешегін төлегеннен кейін сот орындаушыға атқарған қызметі үшін өндіріліп алынған соманың 25 пайызына дейінгі көлемде ақы төлейді.

СҰҢҒАТ ҚОСПАЕВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

– Солтүстікқазақстандық көлік иелерінің 15 пайыздан астамы берешекті уақытылы төлеген жоқ. Қазіргі уақытта 6 мың адам 106 млн теңгеге жуық көлік салығын төлеген.

Облыс бойынша көлігі бар 90 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Қарыз өтелмесе күн сайын өсімпұл қосылып тұрады. Қазір қарызы бар тұрғындардың 26 мамырға дейін уақыты бар. Әйтпесе, салық материалдары сот орындаушыларына жіберіледі.

 

Самал Жунусова