Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Үйлері күйген петропавлдықтар жалдамалы баспаналарға орналастырылуда

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Көпке мәлім, мамырдың 7-сі күні Петропавлдың Береке ықшам ауданында алапат өрт болды. Салдарын өздеріңіз көріп отырсыздар. Өрттің кесірінен бірнеше гектар жер күйіп кетті. Өкінішке қарай, от жақын жердегі 11 бірдей баспананы да шарпыды. Салдарынан 9-ы түгі қалмай жанып кетті. Ал 2-еуінің бір бөлігі күйген. Қазір тұрғындар оқиға орнына келіп, қажетті заттарды қазып алып жатыр.

Күлге айналған үйін көріп, күрсініп жүрген жанның бірі – Галина Отрадных. Азаматшаның 3 бөлмелі баспанасы жанып кетті. Мұнда 5 адам тұрыпты. Кеше кешке жерлестеріміз облыс орталығының басқа ауданындағы жалдамалы тұрғын жайға уақытша қоныстанған. Пәтерақыны әкімдік тапқан демеушілер төлейді.

ГАЛИНА ОТРАДНЫХ, қала тұрғыны:

– 3 бөлмелі пәтерге қоныстандық. Жалдамалы баспана көңілден шықты. Таза, жиһаз да бар. Жан-жақтан қолдау көрсетіліп жатыр. Өте ризамыз. Айтқым келетіні, ешкім мұндай жағдайға тап болмасын. Өрт қасым-қағым уақыт ішінде жетті. Үйден жүгіріп шықтық десек болады. Құжаттардың бәрі іште қалды.

Оқиға орнында от шарпыған түрлі дүниені кездестіруге болады. Ыдыс-аяқ, темір-терсек, азық-түлік. Қаңқасы ғана қалған көлікті де көзіміз шалды.

Берекедегі жағдайды облыс әкімі Айдарбек Сапаров бақылауына алды. Тұрғындарды үймен қамту бойынша арнайы комиссия да құрылды. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтиже бар. Бүгінгі күнге дейін 7 отбасы уақытша баспанаға қоныстаныпты.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қалған 4 отбасыға үй іздестіріп жатырмыз. Біз пәтерлерді нарықтағы орташа бағаға сәйкес таңдаймыз. Ал, 4 жанұя қалап отырған баспаналардың бағасы бұдан әлдеқайда жоғары. Әзірге, олар өздерінің туған-туыстарында тұрып жатыр. Мәселе бүгін шешімін табады деген сенімдеміз.

Мемлекет тарапынан қолдау мұнымен тоқтамайды. Жақын арада орын алған жайтқа байланысты Петропавлда төтенше жағдай жарияланбақ. Соған сәйкес тұрғындарға тағы материалдық көмек көрсетіледі.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін сарапшылармен шарт жасалады. Олар зардап шеккен тұрғындардың мүлкін есептейді. Сол бойынша өтемақы жасалады. Одан бөлек зардап шеккен тұрғындарға 100 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Ол үшін құжаттар қайта қалыпқа келтіріліп жатыр.

Тұрғындарды тұрғын жаймен қамту мәселесіне тағы тоқталайық. Сарапшылардың ұсынысы бойынша төленетін өтемақы баспана алуға жетсе, онда азамат кезекке қойылмайды. Ал жетпеген жағдайда билік үй қарастырады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, қиын сәтте өзге петропавлдықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Қазір жаны жайсаң адамдар гуманитарлық көмек жинауда.

Азық-түлік, киім-кешекті еріктілер қабылдап, тұрғындарға таратады. Әзірге, қажетті дүниелерді 4 отбасы алыпты.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, ерікті:

– Бүгінгі күнге дейін біраз киім-кешек жеткізілді. Өз басым жеткілікті деп ойлаймын. Бізге гигиеналық заттар және төсек-орын керек. Көрпе мен жастықтың саны аз. Жалдамалы үйлерде бұлар болмауы мүмкін. Жалпы, тұрғындарға разымыз. Қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр.

Петропавлдықтардың құлағына алтын сырға! Өрттен зардап шеккен жандар үшін гуманитарлық көмек қалалық мәдениет үйінде жиналып жатыр.

 

Байболат Култанов