Экономика және қаржы

“Қарызсыз қоғам” жобасы аясында оқыту семинары өтіп жатыр

Қаржылық сауаттылықты арттыру, қаражатты тиімді жұмсау мен несиелік қарыз санын азайту. Бұл жайында Мамлютка қаласындағы мәдениет үйінде айтылды. Бүгін мұнда «AMANAT» партиясы мен банк қызметкерлері бірлесіп қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқыту семинары өтіп жатыр.

Дәріс 4 күнге жалғаспақ. Жобаға қатысушылар қаржылық мәселелер қалай пайда болатынын, қарыздар санын азайту мүмкіндігін зерттейді. Бұның барлығы отбасылық бюджетті көтеруге септеседі дейді жобаның қаржылық сарапшысы Әсел Атабаева.

ӘСЕЛ АТАБАЕВА, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сарапшысы:

– Жобаға қатысушылардың жасына қатысты шектеу жоқ. Бағдарлама шарттары қарапайым тілмен түсіндіріледі. 80% тәжірибе арқылы көрсетіледі. Яғни, қатысушыларға тапсырмалар беріледі, үй тапсырмасы да болады. Бастапқыда отбасылық немесе жеке қаражатты санап, тиімді жоспарлау әдісі үйретіледі. Кейін бір мақсатқа қалай дұрыс жинау туралы айтылады.

Алғашқы дәріс сабағына қатысқандардың бірі – Юлия Кудрявцева. Нәзікжанды мұндай шараларға үнемі қатысады. Әрдайым пайдалы ақпарат аламын дейді. Бұл жолы білген-түйгенін балаларына да үйретуді мақсат етіп отыр.

ЮЛИЯ КУДРЯВЦЕВА, Мамлютка қаласының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Семинарда бәрі қарапайым тілмен түсіндірілді. Қаржылық сауаттылық шынымен де өзекті мәселе. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін бұл өте пайдалы дәріс. Себебі, мұнда ауылшаруашылығы саласына байланысты бизнестің тиімділігі жайлы айтылды.

«AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Әсем Рахметова жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол қаржылық сауатсыздық еліміздегі әлеуметтік мәселелердің бірі саналатынын алға тартты.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ төрағасы:

– Елімізде жұмыс істейтін 8 млн халықтың 6,3 млн-ы міндетті несие алған екен. Олардың 1,3 млн-ы уақыты өтіп кеткен кредит немесе бірнеше кредит алып отыр. Ал 1,2 млн адам шағын несие ұйымдарынан кредит алған. Қаншама адам қарызға батып отыр. Сондықтан, партиямыз “Қарызсыз қоғам” деген жобаны қолға алған.

Айта кетейік, бұл семинар облысымыздың 6 ауданында өтуде.

 

Самал Жунусова