Қоғам

Гүл өсіру де бір кәсіп

Инна Аипова жұбайымен бірге көше гүлдерін өсіреді. Жылыжайын құдды бір керемет бақ дерсің. Мұнда гүлдің 15 түрі өсіріліп, бапталуда. Жалпы саны – 105 мың-ға жуық өсімдік бар.

ИННА АИПОВА, Имантау ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Осы жерде гүл өсіріп жатқанымызға 6 жыл болды. Негізі, 11 жылдық тәжірибеміз бар. Бастапқыда, әрине, қиын болды. Несиелеріміз бастан асып жатты. Қанша дегенмен бұл кәсіпті толық меңгеріп алдық. Барлығын өз күшімізбен жасауға тырысамыз. Гүл – өте нәзік жаратылыс. Ерекше күтім мен махаббатты қажет етеді. Жылыжай ішіндегі ауа температурасына аса мән береміз. Қысқы уақытта тіпті қиын болады. 2 сағат сайын от жағу керек. Тәулік бойы осында боламыз десем артық айтқаным емес.

Бұл отбасы тиыннан теңге құрап, шағын кәсіптің өзінен табысқа жетуге болатынын дәлелдеп отыр. Өсіріліп жатқан гүлдер Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Петропавл қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының аудан орталықтарын көркейтуге жіберіледі. Тіптен, ауылда отырып-ақ, елорданы гүлдендіруге үлес қосуда. Ол аз десеңіз, ауыл тұрғындарын да қосымша жұмыспен қамтиды.

ИННА АИПОВА, Имантау ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Гүлдің әр талын жекелеп қорапқа отырғызамыз. Топырағын қопсытамыз. Бұның бәрі көп уақытты талап етеді. Сол себепті, қосымша жұмыс күшін жалдаймыз. Көлікке тиеуге үшін жігіттерді жұмысқа шақырамыз. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Түскі ас беріледі. Күніне 5 мың теңгеден төлейміз.

Жайқалған жылыжай ішінде целлозия гүлі бірден көзге түседі. Бұл – қымбат өсімдіктердің бірі. Бір-біреуінің бағасы – 75 теңге. Инна Аипова көздің жауын алған бұл әдемілік туралы баяндап берді.

АННА АИПОВА, Имантау ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Целлозияны тек тапсырыс бойынша өсіреміз. Өйткені, бұл қырсықтау келген өсімдік. Аса ылғалды ұнатпайды. Күннің көзінен қорқады. Өте әдемі болып гүлдейді. Аса биік емес. 20-30 см болады. Күздің соңына дейін гүлдейді.

Имантау ауылы көше гүлінің отанына айналған. Іскер тұрғындар гүлді көтерме бағамен сатады. 1 талының бағасы кемі 55 теңге тұрады. Гүлдерді көтерме бағамен қала және аудан орталықтарының сәнін келтіру үшін әкімдіктер сатып алады екен.

БАҚЫТЖАН ЖАНТІЛЕУОВ, Имантау ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:

– Имантау ауылында 2 мыңға жуық адам тұрады. Соның ішінде 65 үй гүл өсірумен айналысады. Оларға 2,5 пайызбен несие беріледі. Сондай-ақ, 15 үй мал шаруашылығымен айналысады.

Мына азаматтар гүлдерді көлікке тиеп жатыр. Өздері гүлдерді сатып алу үшін Саумалкөлге Ақтөбе қаласынан келіпті. Айтуларынша, көше гүлдері алыс жолға шыдас береді.

 

Аснурия Абдула