ТЖ

Берекедегі өртті сөндіруге 100-ден астам маман жұмылдырылды

Берекедегі алапат өрттің неден шыққаны белгісіз. ТЖД мамандары орын алған келеңсіз оқиғаға түсініктеме берді. Қазіргі таңда себеп пен салдар толықтай анықталуда. Жалпы, 7 мамыр күні отты ауыздықтауға 100-ден астам өрт сөндіруші мен 22 бірлік техника жұмылдырылыпты. Тұрғындар 25-ші мектепке эвакуацияланды. Онда психологтар жұмыс істеді.

НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖ басқармасының бастығы:

– Оқиға орнына мамандар жеткен бетте өрт сөндіру бөлімінің басшысы 3-ші ранг жариялады. Бұл дегеніміз қаладағы барлық күш-құралдар, жеке құрам сол жерге келуі тиіс. Қамыс болған жер батпақ болады. Сол себепті, кейбір жерлерге техника кіре алмады. Жеке құрам жаяу барып, өртті ауыздықтады.

Бұл күні облыс орталығында тілсіз жау 4 жерде бас көтерген. Жағдайлардың барлығы 1 уақытта орын алған. Салдарынан 1 адам қаза тауыпты.

НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖ басқармасының бастығы:

– 2 жағдайда табиғи өрт орын алды. Құрғақ шөп пен қамыс жанды. Тағы бір оқиғада тұрғын үй жанды. Ішінде адам бар деп хабарлама түсті. Оған 4 бірлік техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, сәуір айының басында құтқарушылар жеке секторларда рейдтік шаралар жүргізген. Тұрғындарға үй маңындағы қамыс пен құрғақ шөпті шабу қажеттігі айтылған. Мамандардың сөзін біреуі ескерсе, енді біреуі елемеген сыңайлы.

Алдияр Айтпаев