Қоғам

Жеңіс саябағындағы ескерткішге гүл шоқтары қойылды

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Қолдарына гүл шоқтары мен портрет ұстаған жерлестеріміз Жеңіс саябағына да көптеп жиналуда. Бірер сәттен кейін мұнда солтүстікқазақстандықтар ата-баба рухына тағзым етпек. Кейін мерекелік концерт те өтпек.

Жиналған көпшілік саптарын түзеп, Жеңіс стеласына беттегелі тұр. Салтанатты шараға түрлі орган, қауымдастық пен ұйым өкілдері қатысуда. Қаз-қатар тізілген солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі Айдарбек Сапаров бастады.

Аймақ басшысынан кейін көпшілік те ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым етті. Кейін бір минут үнсіздік жарияланды.

Мұнда жүрген әрбір жанның айтары бар. Қан майданға біреуінің әкесі, енді біреуінің атасы немесе ағасы мен інісі қатысқан. Батыр ерлердің есімдері ұмытылмайды. Жерлестеріміз соғысқа қатысқан жауынгерлердің есімдерін әркез жадында сақтайды.

– Біздің болашағымыз бен осы көк аспанымыз үшін әкемнің жалғыз ағасы хабарсыз кетті. Ал әкем соғыстан аман-сау келді. Халқымызға тыныштық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын.
– Ата-бабамыз ерлік жасамағанда біз мұндай күнге жетпес едік. Қайын атам соғысқа қатысқан. Майданның басынан бастап соңына дейін болған.
– Әкемнің ағасы соғыста болған. Бұл мерекеде үйде отырғанымыз жарамас. Көпшілікпен бірге осында келуді жөн көрдік. Ел ішінде жақсылық болып, соғыс болмасын.

Салтанатты шарадан кейін жерлестеріміз Жеңіс саябағындағы сахнаға беттеді. Мұнда арнайы концерт өтті. Жергілікті әншілер мен бишілер өнер көрсетті.

 

Алдияр Айтпаев