БалаларМәдениет

Облыстық ҚХА-да балалар шығармашылығы фестивалі өтті

“Ұлы Жеңіс: мұра және ұрпақ!”. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында балалар шығармашылығы фестивалі өтті. 5 пен 15 жас аралығындағы ұл-қыздар Ұлы Жеңіс тақырыбында өлең жолдарын оқыды, ән шырқап, би биледі.

Қазір сахнада – “Қуанамын” халық би студиясы. Қыздар “Көңілашар” биін билеп жатыр.

ДІЛНАЗ АБЛАЕВА, “Қуанамын” халық би студиясының бишісі:

– Қазақ биін биледік. Атауы – “Көңілашар”. Мағынасы – халыққа мейрам, жақсы көңіл-күй сыйлау. Біз көп байқауға қатысамыз. Әрқашан жүлделі орындарға ие боламыз. Біз соғысқа қатысқан адамдардың арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Оларды құрметтеп, сыйлау керек.

“Жас ұрпақ өткен тарихты ұмытпауы тиіс”, – деп санайды ұйымдастырушылар. Сондықтан, мұндай шара өткізудің маңызы зор.

НИКОЛАЙ АВДЕЕВ, “Қазақстанның орыс қауымдастығы” ҚБ СҚОФ төрағасы:

– Бұл шара аға буын мен жас ұрпаққа арналған. Балаларға бейбітшіліктің маңызы мен құндылығын түсіндіруді мақсат етіп отырмыз. Жалпы, шараға 17 оқушы мен 8 шығармашылық ұжым қатысты.

Обыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында 22 этномәдени орталық бар. Балалар шығармашылығы фестиваліне соның алтауы ат салысыпты. Яғни, шара 6 тілде ұйымдастырылған.

 

Самал Жунусова