Спорт

Облыс орталығында “Қызылжар барысы” турнирі өтті

Ортаға облысымыздың мен деген палуандары беттеп келеді. Бұл жігіттер әр аудан намысын ту етіп, “Қызылжар барысы” турниріне келіп отыр. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен саңлақтар бүгін республикалық деңгейдегі дода жолдамасы үшін бақ таластырмақ. Өңір абыройын тек екі палуан қорғауға мүмкіндік алады. Ал бүгінгі сайысқа 29 теріскейлік түйе палуан қатысуда.

Бірінші болып жігіттер жеребе тартты. Палуандардың қарсыластары белгілі болды. Кілемге қызылжарлық Нұрбек Журабеков пен жамбылдық Әділ Отдан шықты. Жастардың бойы да, салмақ дәрежесі де шамалас. Белдесу бастала сала жігіттер жеңіске ұмтылды. Бәсеке тартысты өтті.

Кездесудің бел ортасында қызылжарлық қарсыласынан айласын асырып кетті. Жамбылдық әдіс жасауға бекініп еді Нұрбек Журабеков қарсы әдіс жасап, кездесуді өз пайдасына шешті.

НҰРБЕК ЖУРАБЕКОВ, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Астанада жаттығу жасаймын. Сол жақтан келіп, жарысқа қатысып жатырмын. Қазақ күресімен айналысып жүргеніме біраз болды. Қызылжар ауданында “Жас барыс” жарысында жеңімпаз атандым. Облыстық додаларда да жүлдеге ілігіп жүрмін.

Кейін петропавлдық Ермек Мұқажан мен уәлихановтық Қанат Өмірзақ дода көркін қыздырды. Жігіттер біраз тартысты. Бір-біріне әдіс жасауға мүмкіндік бермеді. Бірақ, Қанат Өмірзақ қарсыласына бір жамбас, бір жартылай жеңіс әдісін жасап, келесі айналымға өтті.

ҚАНАТ ӨМІРЗАҚ, жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Дайындық жақсы өтті. Петропавлда “Қызылжар Арландары” клубында оқу-жаттығу жиыны өтті. Қарсыласым да мен сияқты “Қызылжар Арландары” клубының спортшысы. Өте мықты палуан. Бір-біріміздің осал және мықты тұстарымызды білеміз.

Сағаттар сырғыған сайын кіл мықтылар да біртіндеп анықталуда. Кездесулер тартысты өтуде. Жігіттер кілемде жан алысып, жан берісуде. Бұл, әрине, ұлттық спорт жанкүйерлеріне де керемет әсер беруде.

– Сәттілік тілеймін бәріне. Аудандардан спортшылар мықты дайындықпен келіпті. Бұл жарысқа көрермен есебінде жыл сайын қатысып тұрамын. Кіл мықты анықталып, өңір намысын республикалық жарыста абыроймен қорғасын.
– Қазақ күресі өңірімізде дамыған. Деңгейі жоғары. Ризамыз.

Жүлделі орындар үшін өткен белдесулерге тоқталайық. Қола үшін петропавлдық Батырхан Қайырбек пен шалақындық Азат Шаукеров күресті. Нәтижесінде екіншісінің мерейі үстем болды. Ал финалда Уәлиханов ауданының тумасы Алтынбек Аусағитов өз жерлесі Қанат Өмірзақты жеңді. Бұл қос палуан өңір намысын шілде айында “Қазақстан барысы” турнирінде қорғайды.

 

Алдияр Айтпаев