Қоғам

Ер есімі – ел есінде

Қанды майдан жылдары ерлік көрсеткен сарбаздарға тағзым. Петропавлдықтар қалалық саябақтағы “Даңқ” ескерткішінің алдына жиылды. Шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.

Бұл күні сонау сұрапыл жылдары жауға қарсы шайқасқан жауынгерлердің ұрпағы олардың рухына тағзым етуде. Солардың бірі – Раушан Рамазанова. Ұлы Отан соғысына қатысты нәзікжандының атасы Мағауия Нұртазин қатысыпты.

РАУШАН РАМАЗАНОВА, қала тұрғыны:

– Атам соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанды. Тізе-шынтақтарын жырып алса да тек алға ұмтылғандарын әңгімелейтін. Польша мемлекетіне дейін жеткенде соғыс аяқталды. Елге оралған соң Мамлют ауданында мұғалім болып еңбек етті. Түрлі орден, медальдармен марапатталды.

16 метрлік ескерткіш 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай бой көтерген болатын. Оның төбесінде “Даңқ” ордені, ал түбіне 314-ші атқыштар дивизиясы шайқасқан жерлердің топырағы төселген. 41-ші жылдың аяғында Петропавлда құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы Солтүстік Батыс майданында ерен ерлік көрсетті. Жауынгерлер кеңес елінің қалаларын жаудан азат етуге қатысып, қайсарлық танытқан. Облыс орталығында соғыста қаза тапқан жерлес жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.

Отты жылдардың жеңіспен аяқталып, бейбіт заман туғанына да ғасырға жақын уақыт өтті. Дегенмен, әлі күнге дейін әкесінің, не атасының бір хабарын білмей жүрген ұрпақ баршылық. Андрей Бугаев атасының 314-ші атқыштар дивизиясы қатарында жауға қарсы шыққандығы жайлы 2014 жылы ғана білген екен. Содан бері жауынгер атасы жайлы ақпарат жинап жүр.

АНДРЕЙ БУГАЕВ, қала тұрғыны:

– Соғысқа екі атам да қатысты. Біреуі Антон Хохлов осы 314-ші атқыштар дивизиясы қатарында болыпты. Ол жайында ақпарат өте аз. Сапер болған. 42-ші жылдың 2-ші қазанында Ленинград қаласының маңында жарақат алып қаза тапқаны белгілі. Ленинград облысындағы бауырластар зиратында жерленген. Тағы бір айтарым, бауырластар зиратында 900-ден астам адам жатыр.

Нина Полещуктың әкесі де 314-ші атқыштар дивизиясының қатарында соғысқан. Алғашқылардың бірі болып майданға аттанған.

НИНА ПОЛЕЩУК, қала тұрғыны:

– 41-ші жылы 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері Ленинградты қорғауға қатысты. Әкем барлаушы, пулеметші болған. Ол соғыс аяқталғанда Берлин қаласынан 200 шақырым жерде болған. Әкем – мен үшін ерлік пен батырлықтың үлгісі. Ол бізді Отансүйгіштікке тәрбиеледі.

Кутузов орденді Кингисепп 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлері ескерткішінің жанына жиналған жұрттың қарасы қалың. Петропавлдықтар жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бейбіт өмір сыйлаған батыр жандарды ұмытпау – ұрпақ парызы.

 

Самал Жунусова