Қоғам

Ұл-қыздар соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

Мерекелік сән-салтанатпен келе жатқан НЗМ оқушылары. Ұл-қыздар Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некібаевтың үйіне беттеп келеді. Жастардың үй маңына келгені сол-ақ еді кеудесі медальға толы ақсақал алдарынан шықты.

Ұлы Жеңіс күні барлығымыз үшін де маңызды мереке. Бірақ, ардагерлер үшін бұл ерекше күн. Біз ел аузынан естіп, фильмнен көрген көріністерді, бұл азаматтардың көзі көрді. Жеңіс жолында олар барын салды. Көбі ұрыс алаңында жан тапсырды. Оқ пен оттың ортасында жүрген Қожатай Некібаев та талай қиындық көрді. Балалардың өнеріне таң-тамаша болған ақсақал “Катюша”, “Жеңіс күні” әндерін естіп көздің жасын бір сығып алды. Жалпы, жастар қарияға ұлы мереке қарсаңында жыл сайын келіп, арнайы концерт ұйымдастырады екен.

–  Ардагерлер біз үшін отқа да түсті, кейбірі оққа да ұшты. Сондықтан, ол кісілерді сыйлап, осылай құрмет көрсету керекпіз. Олар сыйлаған жеңіс үшін алғысымыз шексіз.
– Ардагерлердің ерең еңбектері алғысымызды білдіреміз. Бұл кісілерді құрметтейміз, бағалаймыз. Біз үшін барған қадамдарын ешқашан ұмытпаймыз.

Ардагерлерге құрмет көрсетіледі, жастардың бойындағы патриоттық сезім ұлғаяды. Бұл шараның осындай қос оң пайдасы бар. Жалпы, шара барысында ұл-қыздар ән мен күйден бөлек, би де биледі.

Концерт қарияның көңілінен шыққаны сөзсіз. Майдангер шара соңында ұл-қыздарға батасын берді.

– Еліміз тиыш, жұртымыз тыныш болып, халқымыз тоқ болып, уайымымыз жоқ болсын.

Ақсақал 2-ші Украин майданында 42-ші жылдың соңынан 45-тің 9-шы мамырына дейін болған. Кейін үш жыл әскери борышын өтеп, үйіне 48-де қайтқан екен.

 

Алдияр Айтпаев