Спорт

Солтүстікқазақстандық акробаттар республикалық чемпионаттан жүлделі оралды

17 алтын, 5 күміс пен 3 қола. Солтүстікқазақстандық спортшылар Алматы мен Павлодар қаласында өткен чемпионаттан жүлделі оралды. Барлығы – мектеп жасындағы 25 ұл-қыз қатысты. Никита Карасев – үздіктер қатарынан көрінгендердің бірі. Жеткіншек жеке жаттығулардан 1-ші орынға ие болды.

НИКИТА КАРАСЕВ, спорттық акробатикадан өткен республикалық чемпионаттың чемпионы:

– Павлодарға 16 адамнан құралған топпен бардық. Өзіміздің рекордымыздан асып түстік. 28,350 ұпай жинадық. Жеңіс тұғырынан көріну үшін бар күш-жігерімізді салдық. Жалпы, спорттық акробатикамен 8 жыл айналысып келемін.

Жас спортшының айтуынша бұл спорт түрі тәртіп пен табандылықты қажет етеді. Соның арқасында сайыста еш қиындықсыз өнер көрсетіпті. Ал жаттықтырушылар болса тәрбиеленушілерінің нәтижелеріне дән риза.

РИНАТ БЕЛОГОНОВ, спорттық акробатика бойынша мамандандырылған БЖСМ директоры:

– Спорттық акробатикадан ел чемпионаты Павлодарда, ал баттутағы гимнастикадан жазғы спартакиада Алматы қаласында өтті. Қос дода бір уақытта ұйымдастырылды. Спортшыларымыз лайықты өнер көрсетті. Жалпы, қазіргі уақытта спорттық акробатика бойынша мамандандырылған БЖСМ-де 300-ге жуық ұл-қыз жаттығады.

Демалуға уақыт жоқ дейді спортшылар. Олар қазір алдағы тағы бір маңызды додада бақтарын сынамақ. Сайыс 2 аптадан кейін Алматы мен Павлодар қалаларында өтеді.

 

Самал Жунусова