Қоғам

Соғыс ардагерінің ұрпағы

Бақыт Темірбаев әкесі туралы сыр шертуде. Бұл – Жеңіс саябағындағы “Жеңіс сарбаздары” тақтасы. Мұнда 2 мыңнан астам соғыс және тыл ардагерінің суреті бар. Сағындық Темірбаевтың та фотосуреті ойып тұрып орын алған. Майдангер соғыста барлаушы болған. Жаужүрек азамат 1942 жылы Украина жеріндегі майданға аттанады. Ол кезде небәрі 19 жаста болыпты. 45-ші жылы елге оралады. Сосын 53-жылға дейін Дағыстанда әскерде қызмет етеді.

БАҚЫТ ТЕМІРБАЕВ, ҰОС ардагерінің ұлы:

– Біздің әкеміз бізге соғыс туралы айтпайтын. Әкемізден соғыс туралы сұрағанда «Украинадан мал айдап келгенмін деп»,-деп айтатын. Әкеміз әскерден аға лейтенант болып келген. 2000 жылы өмірден қайтар алдында «подполковник» дәрежесін берді.

Сағындық Темірбаев өз ерлігін көпшілікке айта бермеген. Бірақ, балалары кейін зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде құнды деректер табылған. Сонымен қатар, кітапханадан да құжаттар шығыпты. Майдангердің артында қалған 4 ұлы мен 2 қызы бар. Жұбайымен бірге баянды да, бақытты ғұмыр кешкен.

БАҚЫТ ТЕМІРБАЕВ, ҰОС ардагерінің ұлы:

– Шешеміз «соғыстан келгендердің арасында аяқ қолы бүтін, жарақаттанбаған тек сендердің әкелерін болған. Мен оны 15 тиынға сатып алдым дейтін». Яғни, анамыз 15 теңгеге клубка билет алып, әкемізді өзі биге шақырған. Осылайша, екеуі танысқан. Әкеміз бен шешеміз әрдайым бір-біріне өлең арнап отыратын.

Елге елеулі азамат майданнан соң да құр қарап отырмаған. Мызғымас мықтылығының арқасында біраз шаруа бітірген. Спортты жаны сүйген.
Мейірімді болған, әр зейнетақысына сағыз сатып алып, оны ауылдағы балаларға үлестіріп отырған. Оларды футболға баулыған. Сағындық Темірбаев 53-ші жылы ауылдық футбол командасының капитаны болыпты. Смирново селосында спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 85-ші жылдан зейнетке дейін «Қайрат» ерікті спорт қоғамы басшысының орынбасары болып жұмыс істепті. Небір спорт тарландарын тәрбиелеп шығарған. Солардың бірі – Бауыржан Құлжанов.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СҚО күрес федерациясының президенті:

– Петропавл қаласының және Аққайың ауданының құрметті азаматы Сағындық Темірбаев ағамызбен бір аудан, бір ауылда тұрдым. 70-жылдар менің бала кезім. Ол мені спортқа тартып, спортпен айналысуыма жағдай жасады. Адал азамат. Адамгершілігі мол. 70-жылы мектеп бітірген соң мені Ленин совхозына шақырды. Онда Қазақстандағы алғаш 2 қабатты спортзал салынған. Сонда мені жұмысқа алды.

Жақсының аты өлмейді. Бауыржан Құлжанов Сағындық Темірбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СҚО күрес федерациясының президенті:

Петропавл қаласының және Аққайың ауданының құрметті азаматы Жылда Смирновта ол кісінің жүлдесі өтеді. Сонымен қатар, Боркиде үлкен спорт алаңын салып жатырмыз. Арнайы шырша ағасын егеміз. Арнайы орын бар. Себебі, спортта өшпес із қалдырды. Мен осындай кісілерден тәрбие алғанымды мақтан етемін. Менің осындай спортшы болуым үшін ол кісі көп қолдау көрсетті.

Сағындық Темірбаев ерлігі мен әскери еңбегі үшін марапатталған. “Кенисбергті алғаны үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарын иеленген. “Қызыл жұлдыз” орденінің иегері.

 

Аснурия Абдула