Қоғам

Петропавлда 20-дан астам көше жөнделеді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұған дейін Петропавлда 18 көшенің жөнделетіндігі жайлы хабар тарады. Жергілікті билік ауқымды өзгерістерді қарастыра келе түзету енгізіліпті. Енді облыс орталығында 20-дан астам көше жөндеу көреді.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Орташа және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бұған облыс әкімінің қолдауымен 5,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Ал осыған дейін 400 млн-ның маңайында бөлініп келген еді. Себебі, ескі үйлерді сүру жұмысы жүргізілді.

Яғни, қомақты ақша ескі үйлерді сүруге бағытталып келген. Қазір облыс орталығында 4 көше қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Соның бірі – Пушкин. Сүтішев пен Бөкетовтің аралығы орташа деңгейде жөнделеді. Шаруа мамырдың 10-шы жұлдызына дейін аяқталмақ.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Осыдан кейін Ойқала ықшам ауданы мен Жұмысшы кентінде жөндеу жұмысы жүргізіледі. Одан кейінгі кезекте – 19-шы ықшам аудан мен орталықтағы көшелер. Барлық жұмыс қыркүйектің соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Тұрғындардан уақытша ыңғайсыздыққа түсіністік танытуды сұраймыз.

Петропавлдағы кейбір көше қилыстары да жөнделеді. Мұндай шаруа түнде тындырылмақ. Яғни, күндізгі уақытта учаскелер ашық болады. Жұмыс ауқымды әрі қыруар қаржы бөлініп отыр. Миллиардтар құмға сіңген суға айналмас үшін бақылау күшейтілмек.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Жолдардың жөнделуі облыс әкімі мен қала әкімінің қатаң бақылауында. Істі бақылауға қоғам белсенділерін және мәслихат депутаттарын тартып жатырмыз.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Жергілікті билік өткен жылы бастау алған жобалар бойынша да жұмыс жүргізбек. Бізге ұсынылған ақпарға сүйенсек, былтырдан 3 жоба қалып отыр. Оның алғашқысы – Громов көшесі. Береке ықшам ауданындағы көше биыл салынатын болады. Одан кейінгі қос жоба – Горький және М.Жұмабаев көшелері. Бұлар жөнделеді.

 

Байболат Култанов