Экология

Петропавл су қоймасына 5,5 млн сиг тұқымды балық жіберілді

Бұл – балық питомнигіндегі инкубаторлар. Мұнда сиг тұқымды балықтардың уылдырығы дернәсілге айналады. Шыны ыдыстағы балықтарды мамандар ұдайы тексеріп отырады. Міне, оларды су қоймаларына жіберетін сәт те келіп жетті. Бүгін сиг тұқымды балықтар Петропавл су қоймасына босатылады. Алдымен оларды арнайы комиссия мүшелері тексереді.

АНАСТАСИЯ МОЛОТКОВА, Петропавл балық питомнигінің цех меңгерушісі:

– Сиг балықтарын өткен жылдың қараша айында өсіре бастадық. Уылдырықтардың инкубациялық процесі 6 айға созылады. Осы уақыт ішінде 110 млн уылдырық жетілдірілді. Оларды күні-түні тексеріп отырамыз. Бірінші кезекте судың температурасы қадағаланады. Ол 1 градустан аспауы қажет.

Жалпы, барлық процесс көп уақытты қажет етеді. Мамандар уылдырықтардың дамуы үшін қажетті температура мен оттегінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жұмысшылар қанша дернәсіл жіберілетінін есептейді екен. Егер бір су қоймасына тым көп балық босатылса, қоректің жетіспеушілігінен көп бөлігі қырылып қалуы мүмкін.

ВИКТОР ФЕФЕЛОВ, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС облыстық филиалының пункт меңгерушісі:

– Облыста су айдындарын балықтандыру 1930 жылдан бері жүргізіледі. Өңірдегі су қоймаларында балықтың түрі көп. Қазіргі уақытта ақ балық пен тұқы өсіру тиімді. Себебі, олар өңіріміздің температурасына бейім, жергілікті су қоймаларында оларға қажет азық қоры жеткілікті.

Күзде бұл дернәсілдердің салмағы 100 граммға дейін жетеді. Су қоймаларына жіберілетін балықтың тең жартысы ғана аман қалады. Себебі,оның бір бөлігі жыртқыштар мен омыртқасыздарға жем болады екен. Айта кетейік, бүгін Петропавл су қоймасына 5,5 млн дернәсіл жіберілді.

 

Самал Жунусова