Қоғам

Қолдан келсе көмек бер!

Облыс орталығындағы сауда орталығының біріне еріктілер жиылды. Олар «Политика добрых дел» атты акцияға қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созбақ.

САИДА ТӘУКЕЛЕВА, «ЯАлматинец» ҚБ басшысы:

– Алматыдан арнайы игі іс жасау үшін келіп отырмыз. Жергілікті еріктілер және «Magnum» сауда орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, қалалық әкімдіктің қолдауымен жиналдық. Азық-түлікке толы 400-ге жуық себет аз қамтылған отбасыларға жіберіледі. Келесі науқан Балалар күні аясында ұйымдастырылады.

Жүрегі жақсылыққа толы жандардың бірі – Наталья Николайчик. Волонтерлікпен айналысып жүргеніне 3 жыл болыпты. Нәзікжанды «Жақын жерде көмек» еріктілер қозғалысына мүшелік етеді.

НАТАЛЬЯ НИКОЛАЙЧИК, “Жақын жерде көмек” еріктілер қозғалысының мүшесі:

– Біз мұқтаж жандарға азық-түлікпен, киім-кешекпен көмектесіп отырамыз. Бүгінгі науқан алдағы мерекелер қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, бәріміз жиналып, жақсы іс жасайық деп шештік.

Белсенділер қала тұрғындарын аралап, қажетті дүниелер табыстады. Жалпы, акция еліміздің 11 облысын қамтыды. Демалыс күндері еріктілер азық-түлікке толы қосымша себеттерді көпбалалы отбасылар мен мүгедек балаларға жеткізбек.

 

Самал Жунусова