Спорт

Жеткіншектер арасында жүзуден жарыс өтіп жатыр

Облыс орталығында суда жүзуден жарыс өтіп жатыр. Дода Жеңіс күніне орай ұйымдастырылып отыр. Бұл сайысқа осы нысанда шынығып жүрген балалар қатысуда.

Жеткіншектер қаз-қатар тізіліп тұр. Ысқырық шалынды. Сайыс басталды. Қазір қыздар жарысып жатыр. Барлығы – 6 спортшы еркін стильде мықтыны анықтауда. Бассейннің қақ ортасымен Яна Лукьянчикова көз ілеспен жылдамдықпен жүзіп келе жатыр. Қарсыластары қалыс қалуда. Мәреге жақындаған сайын бұрымды арадағы алшақтықты арттыруда. Нәтижесінде ол 50 метр қашықтыққа жүзуде топ жарды.

ЯНА ЛУКЬЯНЧИКОВА, жарысқа қатысушы:

– Денсаулығыма байланысты дәрігерлер жүзумен айналысу керек деді. Бұл спортпен айналысып келе жатқаныма 11 жыл болды. Біраз жетістіктерім де бар. Суда өзімді еркін ұстаймын.

Дәстүрлі шарада 10 мен 18 жас аралығындағы 200-ден астам бала бақ сынайды. Қатысушылардың барлығы 50 метр қашықтыққа жүзіп жарысуда. Бүгін жарыс еркін стильде өтсе, ертең спортшылар арқамен жүзеді.

СЕРІК ҚАСЫМОВ, “Дельфин” БЖСМ директоры:

– Осыдан бірнеше күн бұрын Астанада жеткіншектер арасында жүзуден Қазақстан чемпионаты өтті. Біздің спортшылар жақсы өнер көрсетті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 26 команда қатысты. Тәрбиеленушілеріміз жүлделі орындарға ие болды. Жалпыкомандалық есепте 5-ші орын алдық.

Дода 2 күнге созылады. Соңында балалар сыйлықтармен марапатталады.

 

Гульден Симбаева