ТЖ

СҚО-да өрттен 11 адам ажал құшты

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 172 өрт оқиғасы болған. Тілсіз жаудың салдарынан 11 адам ажал құшыпты. Ал ыстан 5 тұрғын көз жұмған. Статистика көңілге қаяу салады. Брифингіде төбе көрсеткен Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин халықты мұқият болуға шақырды.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазіргідей күндіз жылы, түнде салқын ауа райында пештен түтін дұрыс шықпайды. Бұл адам өліміне алып келуі мүмкін. Жайсыз жайтқа жол бермеу үшін мұржаны тазалаңыздар! Сонымен қатар, жылуды іште сақтап қалатын тартпаға тесік жасау керек! Сол тесік арқылы улы газ сыртқа шығады.

Осы тартпаның маңыздылығы жоғары. Оны мерзімінен бұрын жауып тастауға болмайды. Өкінішке қарай, биыл ыстан уланғандардың барлығы ерте қимылдап, зардап шеккен. Журналистермен жүздесуде департаменті бастығының орынбасары өрт қауіпті кезең жайлы әңгіме қозғады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт қауіпті кезең басталғалы, яғни сәуірдің 5-ші жұлдызынан бері өлкеде 8 орман өрті тіркелді. Қазір өңірде шөп құрғап тұр. Одан от тез тарайды. Мұндай жағдай облысымызда тіркеліп те үлгерді. Мағжан Жұмабаев ауданында тұрғындар жиналған қоқысты жаққан. Қараусыз қалған жалын нысанға шарпыған.

Жүздесу соңында Дмитрий Растихин жиналған қоқысты жақпауға шақырды. Қалдықтар сыртқа шығарылуы керек немес арнайы ыдыста жағылуы тиіс. Таза ауада кәуап қуыруды ұнататындар да сақтық ережелерін ұмытпауы қажет.

 

Байболат Култанов