Қоғам

Патроиттық тәрбие берер шара

Абылай хан резиденциясы музей кешенінде қос бірдей мереке аталып өтті. Ғимарат маңында арнайы алаң ұйымдастырылған. Мұнда облыстық филармония әншілері ән шырқап жатыр.

Туындылар ел мен жер, бейбітшілік пен тәуелсіздік турасында. Жиналған қалың көпшілік құлақ құрышын қандырар әндерді ұйып тыңдауда. Жалпы, бұл шараға қала мектептері мен колледж жастары қатысып жатыр. Басқосу 7-ші мен 9-шы Мамыр күніне арналып ұйымдастырылып отыр.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:

– Жастарда патриоттық сезім биік болуы керек. Жастарымыз оқысын, әркез өздерін тек жақсы жағынан көрсетсін.

Шарада “Жас сарбаз” әскери-патриоттық клуб мүшелері де өз өнерлерін ортаға салды. Жастар қару-жарақты қолдану әдістері мен ұрыс техникасын көрсетті.

Жастарға Софья Широжеева нұсқау беруде. Ол – жасақ командирі. Бұрымды әскери-патриоттық клубта жүріп біраз нәрсе меңгеріпті.

СОФЬЯ ШИРОЖЕЕВА, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Қос мереке де біз үшін маңызды. Жеңіске жетіп, елімізді тәуелсіз қылған ата-бабамызға айтар алғысымыз көп. Бұл күні ол жандар сый-құрметсіз қалмаулары керек.

Резиденция маңында қанат жайған көрме де көпшілік көңілінен шықты. Мына бір әскери шатыр ішінде, автомат, винтовкалар ұсынылған. Балалар қаруларды қолмен ұстап, суретке түсті. Сондай-ақ, ұл-қыздар нағыз сарбаздар жейтін ботқадан да дәм татты. Осылайша жастар нағыз әскери өмірді бір сәтке болсын сезінді.

– Шара қызықты әрі көңілді өтіп жатыр. Көңіл күйіміз көтерілуде.
– Әскерилер керемет көрме ұйымдастырған.
– Әскерге деген құлшынысымыз артып жатыр. Іс-шара өте қатты ұнады.

 

Алдияр Айтпаев