Балалар

Мектеп оқушылары “Зарница” ойынында сынға түсті

Бүгін Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушылары «Зарница» ойынында сынға түсті. Шара алдағы мерекеге орайластырылған. Оған білім беру мекемесінің барлық сыныптары қатысты.

Бір сынып – бір топ. Илона Вишницкая 7-ші сыныптың намысын қорғауда. Қазір ол жарақатталған қолға бұрау салып жатыр. Айтуынша, алғашқы медициналық көмек көрсетуде бастысы жедел әрекет ете білу қажет.

ИЛОНА ВИШНИЦКАЯ, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:

– Мұндай шара мектебімізде жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл өте ерекше өтіп жатыр. Жаңа тапсырмалар мен ойындар пайда болды. Мысалы, соғыс жылдары туралы викторинада сынға түстік, спорттық ойындар ойнадық.

«Зарница» әскери-спорттық ойыны 6 сектордан тұрады. Әрқайсысында түрлі тапсырмалар дайындалған. Біреуінде ұл-қыздар алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренсе, екіншісінде патриоттық ән орындаудан жарысты.

ГҮЛІМЖАН ӘБЖАНОВА, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебі директорының орынбасары:

– 7-ші Мамыр мен 9-шы Мамыр мерекелері қарсаңында ұйымдастырып отырамыз. Биыл көмекке Ұлттық ұлан академиясының курсанттарын шақырдық. Олар палаткаларын әкеліп, өздерінің тағамдарын әкеліп, көрсетіп берді. Бұл патриоттық тәрбиеге жатады.

Шара соңында оқушыларға мадақтама қағаздары табыс етілді. Айта кетсек, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінде 400-ден астам ұл-қыз білім алады.

 

Самал Жунусова