Денсаулық сақтау

4,5 мың өңір тұрғыны созылмалы жүрек жетіспеушілігімен есепте тұр

Петропавл тұрғыны Қуанышбай Құнанбаев ай сайын облыстық кардиологиялық орталыққа келіп, ем-дом алады. 73 жастағы қарияның жүрегі алғаш рет 2014 жылы сыр берген. Азамат инсульт алып, жүрегіне бірнеше рет стент орнатуға мәжбүр болған. Дегенмен, уақыт өте келе сырқаты одан әрі асқынды. Қазіргі уақытта шаһар тұрғынының жүрегіне сұйықтық жиналып, демікпе пайда болып, демалуы қиындай түскен.

ҚУАНЫШБАЙ ҚҰНАНБАЕВ, қала тұрғыны:

– 10 күндей жатқызады, емдейді, дәрісін береді. Айына бір рет жатып кетемін, кейде 3 айда бір рет жатып кетемін. Жүрек ауруы қиын болып тұр ғой. Көбіне бас ауырады. Сосын жүректе қан шалағай жүреді, кейде аяғым да ауырады.

Созылмалы жүрек жетіспеушілігі дегеніміз – жүрек бұлшықеттері жұмысының нашарлап, қан айналым жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі. Бұл дертке шалдыққан адамның қан қысымы көтеріліп не төмендеуі мүмкін. Бұдан бөлек, әлсіздік, демікпе пен ісінулер пайда болады. Осының салдарынан созылмалы жүректің жетіспеушілігі пайда болады. Өкінішке қарай, бұл дерттің емі жоқ. Ал жүректі алмастыратын күрделі ота Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ғана жасалады.

ЕРЛАН ЕРТАЙ, облыстық көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының кардиологы:

– Күнделікті түрде біздің орталыққа жүрек жеткіліксіздігімен науқастар келіп түседі. Көбінесе олардың жасы 65-тен үлкен болады. Бұл ауру көбінесе дәрігерге кеш баруынан болады. Бірінші, эхокардиография жасаймыз. Сол кезде ғана жүректің жеткіліксіздігі байқалады. Скринингтен өту керек. Дәрігерге қаралу керек.

Жалпы, жыл сайын әлем бойынша 70 млн-нан астам адам осы дертке шалдығады екен. Егер уақытылы ем қабылдамаса арты қайғылы аяқталуы мүмкін дейді дәрігерлер. Жалпы, өңірде 4,5 мың адам созылмалы жүрек жетіспеушілігімен есепте тұр. Елордалық дәрігерлер 6 жерлесімізге жасанды сол жақ қарынша орнату бойынша ота жасаса, тағы 2 тұрғынның жүрегі ауыстырылды.

 

Алдияр Айтпаев