Денсаулық сақтау

Халыққа арналған цифрлық денсаулық құралдары

Бүгінгі күні қазақстандықтар медициналық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды белсенді пайдалануда. Мұндай ақпармен орталық коммуникациялар қызметі алаңында денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев бөлісті. Электрондық үкімет порталында пациенттер үшін вакцинациялауға, дәрігердің қабылдауына жазылып, оны үйге шақыруға арналған қызмет қолжетімді. Сондай-ақ, медициналық ұйымға тіркелуге болады. Азаматтар электрондық медициналық құжаттарды да ала алады.

БЕЙБІТ ЕСЕНБАЕВ, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2022 жылы eGov mobile мобильді қосымшасында «eDensaulyq» сервисін іске қосты. Онда халық үшін донорлық мәртебесі, электрондық рецептілер, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу, емдеуге жатқызу, зертханалық зерттеулер нәтижелері және аурухана парақтары бойынша кеңейтілген ақпарат қамтылған.

Сервис адамның емдеу шаралары мен дәрілерге қанша қаражат қажет екендігін шамалауға мүмкіндік береді. Осы орайда елордалық емханаларда пилоттық жоба іске қосылды. “Әлеуметтік әмян” жобасы өзге өңірлерде де қолданылуы мүмкін.

БЕЙБІТ ЕСЕНБАЕВ, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– eGov mobile қосымшасы арқылы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды беру бөлігінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы пайда болды. Азаматқа рецепт жазылады. Ол eGov mobile қосымшасында қолжетімді. Содан кейін пациент емханадағы дәріханаға барады. Фармацевт ақпаратты қолмен енгізбейді. QR-кодты сканерлеп, рецепт бойынша дәрі береді. Биыл басқа өңірлерде де пилоттық жобаны енгізу жоспарлануда.

Енгізіліп жатқан тың жобалардың нәтижесінде мединалық қызметкерге жүктелген жұмыс жеңілдейді және қағазбастылық азаяды. Жалпы, «eDensaulyq» сервисінде науқастың қандай қызмет алып жүргені жүйенің мұрағатында сақталады.

 

Алдияр Айтпаев