Өнеркәсіп

Ауыл шаруашылығы саласындағы өткір мәселелер талқыланды

Омарташыларға мұң болған мәселе! Облыста бал жинау жұмысы қарқынды дамып келеді. Бірақ, көл-көсір өнімді сату ақсап тұр. Ауыл шаруашылығы саласы өкілдері табиғи таза тауарды қайда өткізерлерін білмейді. Бүгін проблеманы Кәсіпкерлер паласы алаңында СҚО ұлттық омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов көтерді. Азаматтың базынасына қатысты ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев былай жауап қатты:

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Омарташыларды қалай қолдауға болатынын қарастырып жатырмыз. Республикалық және өзге де жәрмеңкелерде өңірімізде жиналған бал саудаланады. Жуық арада омарташылар қауымдастығы мүшелерімен жиналып, жұмыстарды талқылаймыз.

Ал “Ақселеу” серіктестігінің директоры Серік Малаевты жер мәселесі алаңдатады. Ғ.Мүсірепов ауданындағы кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысады. Жыл сайын 15 мың гектар алқапқа дән де сіңіреді. Бірақ, жер көлемі кішіреюі мүмкін. Пайшылар агроқұрылымнан 1400 гектармен бөлек шықпақшы екен.

СЕРІК МАЛАЕВ, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Пайшылар жерлерін алып кететін болса, техника мен қайта өңдеуге және ауылды дамытуға құйған ақшамыз жай кетейін деп тұр. Әлеуметтік жағынан ағайынды қолдауға біз қауқарсыз болып қаламыз. Үкімет бізді қолдаса деймін. Шығамын деген жандар жермен емес, қаржымен шықса екен. 1 гектар жерге берілетін ақшаны мемлекет бекітіп берсе жақсы болар еді.

Белгілі болғандай, бұл тек бір ғана серіктестікке қатысты мәселе емес. Қазіргі таңда проблема көршілес облыстарда да өткір тұр екен.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Пайшылар жерлерін шаруаларға сеніп тапсырғандарына 20 жылға тарта уақыт болды. Бұл аралықта диқандар ол жердің құнарлылығын арттырып, қыруар қаражат құйды. Мәселемен азаматтар маған бірнеше рет жүгінген. Проблема орталық аппаратта да өткір тұр. Сіздің ұсынысыңыз қос жаққа да тиімді деп ойлаймын. Мәселе қаралып жатыр.

Бұл мәселе бойынша басқарма бейінді министрлікке хат та жолдаған екен. “Проблеманың шешілуі бақылауымызда болады”,- деді Мейрам Меңдібаев.

 

Алдияр Айтпаев