Құқық қорғау органдары

Алаяқтың арбауына түсті

Қала тұрғыны Алтынай Алаоғлу алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалды. Біреулер банктенбіз деп хабарласып, банктік картасына байланған телефон нөмірі өзгеру туралы өтініш түскенін айтқан. Қулар нәзікжандыны алаяқтар есепшотыңызға кіруге талпынып жатыр деп сендіріп, “қорғаныс орнатуды” ұсынады. Алтынай Алаоғлу келісімін береді. Барлығы WhatsApp-тағы “робот чат” арқылы жүргізілген.

АЛТЫНАЙ АЛАОҒЛУ, қала тұрғыны:

– Олар менеджердің кодын көрсетіңіз деді. Мен одан бейхабар екенімді айттым. Картаны аударыңыз, артқы жағында үш сан болуы керек, міне, сол сіздің менеджеріңіздің нөмірі деді. Оны да дауыстап айтпай, жазып жіберіңіз деді. Кейін ұялы телефоныма қорғаныс қызметі қосылғандығы жайында SMS келді. 

SMS хабарламада жазылған құпия сөз арқылы алаяқтар нәзікжандының есепшотындағы 113 мың теңгені тып-типыл етіп сыпырып алған. Алаяқтар іздестіріліп жатыр. Ұсталған жағдайда 1 мың АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

 

Гульден Симбаева